- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ертісті жағалай қонған...
Ертісті жағалай қонған ауылдарға қауіп төнді
Павлодар облысындағы Ертіс өзенін жағалай қонған үш аудандағы бірнеше елді мекенге қауіп төнді. Осылай дабыл қаққан Мәжіліс депутаттары Экология және табиғи ресурстар министріне үндеу жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
16 сәуірден бастап шығыстағы су қоймаларынан Ертіс өзеніне 22 күнге созылатын су босату жұмыстары басталған. Алайда бекітілген кестеден ауытқушылық бар. Қазір Үлбі және Уба өзендерінің арнасында су деңгейі төмен. Соның салдарынан 20 сәуірден бастап төрт тәулік бойы секундына 3000 текше метр босатылуы тиіс су көлемі 500 текше метрге азайған. Сонымен бірге, Семей қаласындағы Ертіс бассейні инспекциясы 20-сәуірден бастап Бұқтырма су қоймасынан орташа есеппен секундына 500 текше метр су жіберудің орнына 381 текше метр су жіберіп жатыр.
"Мұндай ауытқушылықтар Павлодар облысындағы Ертіс өзені жайылымдарына су жетпей, экосистеманың бұзылуына әкеп соғады", - дейді Мәжіліс депутаттары.
Сондай-ақ, су деңгейінің күрт төмендеуі Ертіс өзені арнасындағы жағалаулардың құрғап құлауына әкеп соғады. Бұл өз кезегінде жардың жиегінде орналасқан Қаратерек (Май ауданы), Аққу (Аққулы ауданы) және Башмачное (Железин ауданы) елді мекендері тұрғындарына қауіп төндіреді. Осыған байланысты ҚР Парламенті Мәжілісінің бес депутаты қол қойып, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменоваға хат жолдады.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы