Павлодар облысында 7-сынып оқушысы ешкі сүтін сатып, табыс тауып отыр

Павлодар облысында 7-сынып оқушысы ешкі сүтін сатып, табыс тауып отыр

Павлодар облысында жасөспірім ешкі бағуды қолға алған. Мичурин ауылында тұратын 14 жастағы жас кәсіпкердің жеті ешкісі бар. Ол Сексек ата төлінің сүтіп сатып, пайда көріп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тимур Рүстемов ешкі өсіруге бала кезден кіріскен. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Ешкі сүтінің емдік қасиеті мол екенін естіген жасөспірім осы малды өсіруге әуестенген.

"Анамды аллергия жиі мазалайтын. Қолымнан келгенше көмектескім келді. Осы ешкі сүті аллергияның алдын алуға оң әсер ететінін естідім. Міне, бір жылдан аса уақыт анам ешкі сүтін үзбей ішіп келеді. Нәтижесі жаман емес", - дейді Тимур Рүстемов.

Баласының ешкі бағу бастамасын әкесі қуана қабылдаған. Сол үшін қаражат жинап, жетпегеніне несие алып қосып, Қызылжар қаласынан щвейцариялық "Заннин" тұқымды жеті Сексек ата төлін сатып әкелген. Ешкілердің алды төлдеп, қазір 13-ке жетті. Күніне 10-15 литр сүт береді. Оны тапсырыспен-ақ алып кетіп жатыр екен.

Тимурдың айтуынша, асылтұқымды ешкілер өте ақылды, тілін табу оңай. Екпесін де өзі салады. 7-сыныпта оқитын Тимур таңғы бесте тұрып, ешкілерін сауып, жемшөбін берген соң сабағына кетеді. Бұл жұмысы оқуына бөгет емес екен.

"Ең басты мәселе тауар сертификатын алу керек. Сол кезде біз сүтті пастерлеп сатуға, одан йогурт, ірімшік жасауға мүмкіндік аламыз. Арнайы сүт сақтайтын ыдысты Ресейден алдыртуға тапсырыс бердік", - дейді Тимурдың әкесі Жасұлан Рүстемов.

Ешкі сүті түрлі ауруға ем екенін ғалымдар дәлелдеген. Оның құрамында қырықтан аса биологиялық компонент бар. Тағы бір маңызды элементтерінің бірі - калий. Анемия, аллергия, асқазан, ішек жолдары аурулары мазалайтын жандарға ешкі сүті пайдалы екенін мамандар да жиі айтып жүр.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова