3 баласы бар: Оралда сәбиін тастаған әйел кім екені анықталды

3 баласы бар: Оралда сәбиін тастаған әйел кім екені анықталды
Фото: "Алматы" телеарнасы

Оралда қоқыс жәшігіне сәбиін тастап кеткен ана табылды. Нәресте суық жерде 7-8 сағат жатып, қос өкпесіне суық тиген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті мәліметінше, күдіктіден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған.

Әйелді танитындардың айтуынша, оның үш баласы бар. Қазір соталды тергеу амалдары басталды.

Надежда көшесі 66-үйдің алаңындағы қоқыс өртейтін жәшіктен полиэтилен пакетке оралған жаңа туған сәбиді алдымен осы ауданның тұрғындары байқаған. Олар шақалақты алып, орамалға орап, дереу жедел жәрдем мен полицияға хабарласқан. Көпшілік бала аман қалғанына қуанышты.

"3 минуттай тұрдым. Бала екені көрініп тұр. Өзім "бала аман ба, жоқ па?" деп алаңдап тұрдым. Қолыма алып, орамалға орадық, бала демала алмай жатыр", - деді қала тұрғыны Дамир Қожанғалиев.

Таңғы сағат 7:00-де нәресте шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы орташа ауыр. Ауруханаға жеткізілген сәтте оған алғашқы көмек көрсетілген.

Ақ халаттылар көп жағдайда туа салысымен суықта қалған нәрестелердің өмір сүрмейтінін айтады. Алайда көрер жарығы сөнбеген сәбиді дәрігерлер "Құдайберген" деп атап кетіпті. Олардың айтуынша, ұл бала уақытылы дүниеге келген, салмағы мен бойы қалыпты. Бөбек суық жерде 7-8 сағат жатып, қос өкпесіне суық тиген.    

"Балаға қазір алдын ала екіжақты пневмония диагнозы қойылып тұр. Бас миының гипоксиясы, орталық жүйке жүйесі зақымданған. Соған байланысты ем алып жатыр. Бүгінде баланың жағдайы бірқалыпты, дене қызуы қалыпқа келді", - деді БҚО көпбейінді балалар ауруханасының директоры Мақсат Оразбаев.

Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 119-бабы 1-бөлігіне сәйкес соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Әйел баласын неліктен қоқысқа тастағанын полиция анықтайды.

Еске салайық, бұған дейін қоқыс жәшігінен жалаңаш жатқан нәресте табылғаны хабарланған еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова