Оралда гараж өртеніп, үш адам қаза тапты

Оралда гараж өртеніп, үш адам қаза тапты
Фото: mgorod.kz

Қайғылы оқиға 25 сәуірде сағат 21:00 шамасында Исатай-Махамбет көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қалалық мәдениет және демалыс саябағы маңында орналасқан гаражда жарылыс болып, оқиға орнында үш адамның мәйіті табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой город" порталына сілтеме жасап.

Оқиға орнында полиция мен өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр. Өрт салдарынан Исатай-Махамбет көшесінің бойындағы Абай даңғылынан Ихсанов көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысын жабуға тура келді.

Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, 30 шаршы метр аумақтағы гараж жанған, ішінде "ВАЗ-2121" өртенген. Кейінірек өрт 42 шаршы метрлік жеке тұрғын үйдің шатырына жайылған. Өрт сөндірушілер гараждан үш мәйітті тауып, төрт оттегі баллонын шығарды.

Өрт 21:31-де ауыздықталып, 22:02-де толығымен өшірілген. Өрттің шығу себептері мен шығыны анықталып жатыр. Оқиға орнында Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің 23 қызметкері мен 7 техника жұмыс істеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан