"Италиялықтар домбыраға қатты таңғалды". Қазақстандық дуэт шетелден бас жүлде иеленді

"Италиялықтар домбыраға қатты таңғалды". Қазақстандық дуэт шетелден бас жүлде иеленді
Фото: Мәдениет минстрлігі

Қазақстандық инструменталды дуэт Темірлан Олжабаев пен Ернат Наурыз Open Italy 2023 беделді музыкалық байқауының гран-при жүлдесін жеңіп алды. Осыған орай Мassaget.kz порталының тілшісі Ернат Наурызбен тілдесті.

Дуэт "Адай", "Көроғлы", "Әлқисса" күйлерін, О. Сүлейменовтің West шығармасын орындап, қазылар алқасының жоғары бағасын алып, көпшіліктің ықыласына бөленген.

"Бұған дейін де жалпы байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрміз. Солардан көрген болуы керек, бізді арнайы шақырды. "Дәстүрлі өнер" деген номинация болды. Сол бойынша әр ел өз аспабында ойнайды. Жалпы, 24 елден музыканттар бақтарын сынады. Бас жүлде, бірінші-екінші және үшінші орындар белгіленген екен. Біз бас жүлдеге ие болдық", - дейді Ернат.

Музыкант италялықтардың музыканы қатты бағалайтынын айтады. Олар қазақтың қос ішекті аспабын көргенде қатты таңғалыпты.

"Біз алғаш рет Италия еліне барып, конкурсқа қатыстық. Италия халқы музыкаға жақын. Пизарда Джоакино Россини атындағы беделді консерватория бар. Бұл оқу орнында білім алу көптеген опера әншілерінің арманы. Сондықтан да бұл жерде музыка қатты бағаланады, музыкаға талғам жоғары. Италиялықтар домбыраның таза, табиғи даусына таңғалды. Байқаудың ерекшелігі классикалық аспаптармен қатар дәстүрлі аспаптар да қатысты. Біз сол өз күйімізді орындап, көптің ықыласына бөлендік", - дейді ол.

 

Темірлан мен Ернат Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқыған және "Бастау" домбырашылар дуэті болып танылған.

"Бастау" деген атты Астана қаласында өткен Димаш Құдайбергеннің кешінде алғаш өнер көрсеттік. Содан кейін осы атпен танылып, шетелдерде түрлі конкурстарда жүлделі орын алдық. Өзіміз алғаш рет "Шабыт" университетінде таныстық. Дуэт құрылды. 5 жылдан бері 50-ден астам елде өнер көрсеттік", - дейді домбырашы.

© t.me/askhat_oralov_online

Дуэт алдағы уақытта байқауларды тоқтата тұрып Астана қаласында мерейтойлық кешін өткізуді жоспарлаған.

"Қазір әлемде домбыраны таниды. Сондықтан 5 жылдық мерейтойымызға орай кешімізді берсек деген ойымыз бар. Шығармашылық кешімізді 18 маусымға жоспарлап отырмыз", - дейді Ернат.

Домбырашылар әр байқауға тыңғылықты дайындалады. Оған қатысатын музыкаларды іріктейді.

"Мысалы, Англияда өткен байқауда Вивалдидің "Жыл мезгілдерін" өзіміз домбыраға келтіріп, ойнаған болатынбыз. Сол сияқты басқа конкурстарға орындайтын музыкаларымызды өзіміз іріктейміз", - дейді ол.

© dimashnews.com

Айта кетейік, "Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт" МКО солистері Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Италияға барып өнер көрсеткен.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жеңімпаздарды құттықтады.

"Мен Темірлан мен Ернатты жарқын жеңісімен құттықтаймын. Жігіттердің қазақ музыкасын орындай отырып, халықаралық деңгейде жетістікке жеткені қуантады. Олардың өнері басқа талантты отандастарымызды шабыттандыратынына сенімдімін!", - деді министр Telegram желісінде.

Темірлан мен Ернат әлемнің бірқатар еліндегі байқауға қатысып, жүлделі орын алған. Олар 2018 жылы Латвия астанасы Ригада өткен "Еуропа музыкалық аспаптар" байқауының бас жүлдесін иеленіп, Голливудқа жолдама алды. Сол жылы Израильде Иерусалимде өткен "Әлем музыкасы" халықаралық музыка фестивалінде бас жүлде жеңіп алды. Түркияда өткен BRIDE TV телеарнасының музыкалық фестивалінде "Ең үздік музыкалық топ" деген арна марапатын иеленген.

Т. Раушанұлы