"Тегін тамақ, ай сайынғы жәрдемақы". АҚШ-қа көшіп кеткен қазақстандық елдегі өмірдің артықшылығы туралы айтты

"Тегін тамақ, ай сайынғы жәрдемақы". АҚШ-қа көшіп кеткен қазақстандық елдегі өмірдің артықшылығы туралы айтты

Қазақстандық Алма Бекетаева 10 ай бұрын отбасымен АҚШ-қа көшіп кеткен. Олардың таңдауы Лос-Анджелес штатына түскен. Алманың сөзінше, қаладағы азық-түлік бағасы Алматы мен Астанадағыдай екен. Алма Бекетаева Massaget.kz тілшісіне елдегі өмірдің ерекшеліктері туралы айтып берді.  

Алма 33-те, Жезқазған қаласының тумасы. Кейіннен отбасымен бес жасында Алматыға көшіп келген. 

"Жақындарымыз АҚШ-қа көшу туралы шешімімізді ойдағыдай қабылдады. Ең алдымен, жұмыс іздеуден бұрын ата-енемнен сұрандық. Ол кісілер қолдап, "өсіңдер, өніңдер" деп батасын берді. Менің күйеуім инженер болғандықтан жергілікті тұрғындардың шақыртуы бойынша үй жұмыстарын жасап береді.Өз-өзіне жұмыс істейді. Кез келген нәрсені істейді: техника бұзылса, үйдегі кішігірім жөндеу жұмыстарын жасап береді. АҚШ-та handy-man деген түсінік бар, ешқандай компанияға жалданбай өзіне жұмыс істейтін адамдар. Яғни менің күйеуім handy-man", - дейді Алма. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Alma Beketayeva (@alma_zhomart)

Ол АҚШ-тағы өмір сүру деңгейі туралы айтып берді. Алманың сөзінше, елде өмір деңгейі Қазақстанға қарағанда басқаша, жоғары.

"Біздің табысымыз жоғары болмаса да өзімізге көп нәрсені ала аламыз. АҚШ-та жақсы жұмыс істесеңіз кез келген нәрсені ала аласыз. Ал Қазақстанда оны қиналып немесе несиеге алуыңыз мүмкін. Одан бөлек, АҚШ - өте үлкен ел. Бұған дейін америкалықтар неліктен шетелге шығып, демалмайды деп ойлайтынмын. Себебі АҚШ-тың өзінде көріп, аралайтын жерлер өте көп. Қазақстан өз бетінше жақсы, туған жерің болғаннан кейін, әрине, ыстық болып тұрады", - дейді қазақстандық. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Alma Beketayeva (@alma_zhomart)

Алма күйеуімен бүгінде бір ұл тәрбиелеп отыр. Жақында екінші балалары өмірге келеді. Алма елде жүкті әйелдерге қандай жағдай жасалатынын, балаға қандай жәрдемақы берілетіні туралы айтып берді. 

"Қазір декреттік кезеңім осы елде өтіп жатыр. Елде медициналық сақтандыру жасаттық. Оны ештеңе төлемей, тегін жасаттық. Барлық тексеру, тіпті босану тегін болады. Оның бәрі сақтандыру есебінен жасалып отыр. Мұнда дәрігерлер, медбикелердің қарауы мүлде басқаша. Тұңғыш ұлымды Қазақстанда босандым. АҚШ-та дәрігерлер ең жоғары жалақы алатын мамандардың бірі. Мүмкін сол үшін де болар, дәрігерлер үнемі күліп, жақсы көңіл күйде жүреді. 

Бұйырса шілде айында босанамын. Маған жататын орным, бәрін көрсетіп, таныстырды. Менде кесір тілігі болатындықтан күтім де басқаша болады. Бірақ біз АҚШ азаматы болмағандықтан босанғаннан кейін маған ешқандай жәрдемақы берілмейді. Бірақ бөпеме беріледі. Жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтары "баланы босанғаннан кейін бірден келіңіз, бала АҚШ азаматы болғандықтан жәрдемақы беріледі" деп түсіндірді. Нақты сомасын білмеймін. Бірақ шамамен 1000 доллар көлемінде болады екен. Бұл, мен түсінгенім бойынша, 18 жасына дейін ай сайын беріледі", - дейді Алма. 

Сонымен қатар, Алма АҚШ-та өмір сүрудің ерекшеліктері туралы айтты. Оның сөзінше, екі ал арасындағы айырмашылық жер мен көктей.

"Әрине, АҚШ қай жағынан қарасаңыз да алда. Ел азаматы болмасаңыз да көптеген артықшылығын қолдана аласыз. Мысалы food bank деген нәрсе бар. Ол тегін тамақ беретін жер. Көп адам ол жерде жарамдылық мерзімі өткен заттар беріледі деп түсінеді. Бірақ олай емес, үнемі жарамдылық мерзімін тексеремін. 1,5-2 айда бір барып тұрамыз, одан да жиі - 2 аптада бір барып тұруға болады. Өз басымыз көп бармаймыз. Көбіне әлеуметтік желіде контент түсіру үшін барамыз. Сол кезде қазақстандықтар "неге тегін бере салады?" деп таңғалып жатады. Келген адамнан ешқандай құжат сұралмайды. Сіз келсеңіз, демек ол сізге керек деп түсінеді. Тегін тамақты алып кете бересіз", - дейді қазақстандық. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Alma Beketayeva (@alma_zhomart)

Алманың айтуынша, екі ел арасындағы тағы бір айырмашылық - білім.

"Осы жердегі жақын достарымыздың балалары жергілікті мектепте білім алады. Олардан мектеп қандай екенін сұраған кезімізде олар өте ұнайтынын айтады. Мұнда оқушылар мектепте қызығушылықпен оқиды, кішкентай күнінен бастап балаларға тек қарапайым заттарды үйретпейді. Бала мамандығын, сабақты, пәнді өзі таңдайды. Одан бөлек, жоғары сынып оқушыларына сабақ шығармашылық тәсілмен өтеді. Ал кіші сынып оқушыларында сабақ ойын форматында өтеді. Достарымыздың айтуынша, Қазақстанда сабақты баламен бірге отырып оқыса, АҚШ-та бала толық өзі оқып, дайындалады. Ресейден келген таныстарымыздың да балалары АҚШ-тағы мектеп ұнайтынын айтады", - дейді Алма. 

Ең қызығы Лос-Анжелес пен Алматы немесе Астанадағы азық-түлік бағасы бірдей екен.

"Тағы бір байқағаным Лос-Анджелес мен Алматы немесе Астанадағы азық-түлік бағасы шамамен бірдей. Ал Лос-Анджелес АҚШ-тағы ең қымбат қаланың бірі болып саналады. Біз доллармен төлегендіктен қымбат болып көрінбеуі мүмкін. Жергілікті азаматтар, қашқын статусы бар адамдар отбасында адам басына 300 доллар азық-түлікке және 600 доллар ақшалай ала алады. Яғни осындай қолдау жасалып отырады", - дейді қазақстандық. 

Алма бір шеті екі елді әзірге салыстыру дұрыс емес те шығар екенін айтады.

"Себебі Қазақстан АҚШ-пен салыстырғанда жас мемлекет. Жергілікті тұрғындар Қазақстанды білмей жатады. Білетіндер біз Қытайдың бір провинциясы деп ойлайды", - дейді Алма. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина