Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды тастап кеткен ЖПБ басшысы алты жылға сотталды

Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты қалалық әуежайдың желілік полиция бөлімінің бұрынғы бастығы Талғат Талиповті қаңтар оқиғалары кезінде билікті асыра пайдаланғаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ол Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөліміне сәйкес лауазымды тұлғаның өз құқықтары мен өкілеттіктері шеңберінен айқын шығатын және азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заң арқылы қорғалатын мүдделеріне елеулі залал келтіруіне әкеп соққан іс-әрекеттерді жүзеге асырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот мәліметінше, 2022 жылы 5 қаңтарға қараған түні Алматы қаласында мемлекеттік билік органдарының ғимараттары басып алынды, құқық қорғау органдарының ғимараттары мен басқа да нысандарын басып алуға әрекет жасалды. Осыған байланысты Алматы қаласы бойынша ПД басшысы арнайы жедел жоспар енгізді. Алматы қаласы халықаралық әуежайының ЖПБ басшысы 2022 жылғы 5 қаңтарда сағат 16.09-да қорғаныс жөнінде бұйрық алды. Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың Алматы қаласының әуежайына қарай бағыт алуы туралы қолда бар ақпаратқа және қорғаныс туралы бұйрыққа қарамастан, Талғат Талипов Алматы қаласының халықаралық әуежайында қызмет көрсетілетін нысанда ЖПБ ғимаратын қорғауды, қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастырған жоқ.

Сағат 18.00-19.00 аралығында жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар әуежай ғимаратына шабуыл жасау мақсатында әуежайдың кіреберіс бөлігіне қарама-қарсы бетте топтасты.

Талғат Талипов хабарланған арнайы жоспарға қарамастан, ЖПБ-ның жеке құрамына азаматтық киімді ауыстырып киюге, ЖПБ ғимаратында ертеректе алынған арнайы құралдарды қалдыруға, әкімшілік ғимараттан кетуге және әуежайға қарай бағыт алуға бұйрық берді және өзінің қызметтік кабинетін тастап кетті.

Салдарынан ЖПБ-ның әкімшілік ғимараты күзетсіз және қорғаныссыз қалды, жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар ЖПБ ғимаратын еш кедергісіз басып алды, әртүрлі арнайы құралдармен қаруланып, әуежай ғимаратына басқыншылық жасады, жолаушыларға шынайы қауіп төндірді, әуежайдың автокөлік құралдарын ұрлап айдап кетті, әуекемелерінің әуежайға қонуына және ұшуына жол бермеу мақсатында ұшу алабының электр қуатын сөндірді, сондай-ақ осы уақытта аспанда болған және Алматы қаласының әуежайындағы қону орнына ұшқан әуекемелеріне қауіп төндірді. Әуежай ғимаратында 200-300-ге жуық адам жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнес субъектілерінің мүлкін ұрлап, қиратып, өртеп жіберді.
Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан 2022 жылғы 5-12 қаңтар аралығында әуежай қызметі тұралап қалды. ЖПБ-ға келтірілген материалдық залал сомасы 2 168 726 теңгені құрады, "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ-ға 313 850 654 теңге, AirAstana АҚ-ға 5 617 251 теңге, шағын және орта бизнеске жалпы сомасы 414 113 533 теңге залал келтірілді.

Айыпкер кінәсін мойындамады, қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтатуды өтінген. Прокурор айыпкерді кінәлі деп тануды және құқық қорғау органдарында 9 (тоғыз) жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан, сондай-ақ "полиция подполковнигі" арнайы атағынан айыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Сот үкімімен Талғат Талипов ҚК-нің 362-бабы 4 бөлімі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында 5 жыл мерзімге лауазымды қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Талғат Талипов "полиция подполковнигі" арнайы атағынан айырылды. Іс бойынша азаматтық талап қозғалған жоқ. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!