Юаньмен талап еткен. Жетісу облысында ақша бопсалағандар ұсталды

Юаньмен талап еткен. Жетісу облысында ақша бопсалағандар ұсталды
Фото: Жетісу облысы ПД

Жетісу облысының полицейлері жаркенттік кәсіпкерден ақша талап еткендерді ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстың Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жетісу облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері арнайы жасақ жауынгерлері көмегімен ақша бопсалауға қатысы бар күдіктілерді ұстады. 

"Топ үш адамнан тұрады. Біреуі - Алматы қаласының тұрғыны, екіншісі Алматы облысынан, үшіншісі Жетісудан. Олар жәбірленушіден ақша алу кезінде ұсталды. Олардың біреуінен 9 миллиметр калибрлі 13 оқ-дәрісі бар тапанша тәркіленді", - деді облыстық ПД өкілі Сарқытбай Құсайынов.

Күдіктілер Жаркентте ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Олар жергілікті кәсіпкерден 15 мың қытай юанін (шамамен 990 мың теңге) талап еткен.

Сурет: Жетісу облысы ПД

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова