Өскеменге экологиялық апат төніп тұр

Өскеменге экологиялық апат төніп тұр

Өскеменге экологиялық апат төніп тұр. Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр қала тұрғындары 46 күн бойы лас ауамен демалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәселені ҚР Парламент сенатының депутаты Ольга Булавкина мінберден де көтерді. Оның айтуынша, қала жұрты екі күннің бірінде шекті рұқсат етілген концентрациясы нормадан асқан ауаны жұтады.

"Жағдай әбден ушықты. Көп адамда жүрек пен тыныс алу органдарының ауруы асқынған. Жыл сайын кәсіпорындардан бөлінетін 44 мың тонна зиян қалдық ауаға таралады. Қалаға экологиялық апат төніп тұр", - деді депутат Өскеменде өткен бірінші ауданаралық экологиялық бастамалар форумында.

Мұның алдында Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі Қалибек Қалиолданов та қаланы экологиялық апат жағдайында деп тану керек деген бастама көтеріп, Президентке петиция дайындаған болатын. Алайда осыған байланысты ШҚО Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев ресми жауап беріп, "экологиялық апат" деген термин жоғын айтты. Ал қоғам белсендісі лас ауадан күнделікті терезені ашып, бөлмелерді желдетіп алудың өзі газ жұтуға жасалған алғашқы қадам екенін жеткізді.

"Бір адам күніне 25 мың рет дем алады. Қалада ұзын-саны 350 мың тұрғын бар десек, күн сайын осы әрекетті 9 миллиард рет жасайды. Сонда әр кәсіпорыннан бөлінетін зиян ауа, түрлі шаң-тозаң, көліктен бөлінетін түтіндер өкпені уламай қоймайды", - деді Қалибек Қалиолданов.

Ал Ольга Булавкинаның сөзінше, осы көліктерден бөлінетін түтін де экологияға әсер етеді. Сондай-ақ ауа ластануының 90 пайызына автокөліктерден шығатын түтін мен кәсіпорындар себепші. Оның ішінде 60 пайызы автокөліктер, 30 пайызы кәсіпорындар себеп. 

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы