Ақтауда дәрігерлер астан уланған мейрамхананың 24 қызметкері жұмыстан шеттетілді

Ақтауда дәрігерлер астан уланған мейрамхананың 24 қызметкері жұмыстан шеттетілді

Ақтауда ауызашарда дәрігерлердің астан улануы бойынша тексерістен кейін мейрамхананың 24 қызметкері жұмыстан шеттетілді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Шаров мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қонақ үй кешеніндегі мейрамханаға тексеру жүргізілген. Онда 20 қызметкердің жалған медициналық кітапша жасатқаны анықталған. Ал төртеуінде мүлдем болмаған.

Сондай-ақ тексерілген 21 қызметкердің жетеуінің ағзасынан стафилокок табылған. Оған қоса мейрамханадан жарамдылық мерзімі өткен 220 келі көлеміндегі 73 түрлі тағам анықталған.

"Жоспарға сай тексеру жұмыстары нәтижесінде анықталған өрескел санитариялық талаптарды бұзушылар адам денсаулығына әкеліп соққан әрекеті үшін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодекстің 425-бабының 2-бөліміне сәйкес қылмыстық жазаланатын іс-әрекеті бойынша Ақтау қаласының полиция басқармасына хат жолданды", - деді Асылбек Шаров.

Енді бұл іспен Ақтау қаласының полиция басқармасы айналысады.

Еске салайық, бұған дейін Ақтаулық дәрігерлердің ауызашар дастарқанындағы астан жаппай уланғаны хабарланған еді. Кейін бұл іс бойынша тергеу басталды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова