- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Гүлмира Сатыбалды сотта...
Гүлмира Сатыбалды сотта өз кінәсін жартылай ғана мойындады
Астана сотында Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыдан жауап алу жалғасып жатыр. Ол бұған дейін өз кінәсін толық мойындамаған еді, ал бүгін тағылған айыппен жартылай келісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Гүлмира Сатыбалды адам ұрлады және озбырлық жасады деп айыпталса, екі кәсіпкер де рейдерлік жолмен бизнесті тартып алды деп отыр.
"Мен өз кінәмді жартылай мойындаймын, бірақ 125-бап бойынша ("Адам ұрлау") мойындамаймын. Мен адам ұрлады дегенмен келіспеймін. Мен оны ұрлап кетсем, оны қалай үйіме шақырам? Бұл ақылға сыймайды ғой", - деді Сатыбалды сотта жауап алу кезінде.
Гүлмира Сатыбалдының адвокаты айыпталушысының Galanz bottlers акцияларының бес пайызын уәде еткенін және уәдесін орындамағанын мойындайтынын айтты.
Нақтырақ айтсақ, Galanz bottlers акцияларының 100 пайызы бастапқыда кәсіпкер Тұрсын Алагөзовке тиесілі болған. Кәсіпкер компанияны 2000-2016 жылдар аралығында басқарды. Әйелі Ләлісара Маратпен ажырасу процесі кезінде Алагөзов акцияларға меншік құқығын екіге бөлген. Осыдан кейін, айыптаушы тараптың мәліметінше, Гүлмира Сатыбалды 2020 жылғы маусым-қыркүйек айлары аралығында Алагөзовке моральдық-психологиялық қысым көрсетіп, Galanz Bottlers АҚ акцияларының қалған 45,25 пайызын жүргізушісіне беруге мәжбүрлеген. Нарықтық құны 200 теңге шамасында болғанымен, бір акцияның құны 1 теңге болып көрсетілді. Кейін бұл жүргізуші 90 пайыз акцияның иесі болды.
Сатыбалды сотта жоққа шығарған "Адам ұрлау" деген айыпты Айгүл Мекешева тағып отыр. Сотта мемлекеттік айыптаушылар Гүлмира Сатыбалдының үйінен Мекешеваның қалай ұрланғанын көрсететін видеоны ұсынды. Мекешеваның айтуынша, белгісіз біреулер оны үйдің кіреберісінде ұрлап әкетіп, Сатыбалдының үйіне апарып, жертөлеге қамап қойған. Сосын үйінде қалған Мекешеваның қыздарын жазалаймыз деп қорқытқан Сатыбалданың қарамағындағылар ұрланған әйелді өз компаниясының акцияларын оларға беруге мәжбүрлеген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан