Кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген. Семейдегі аулалардың 90 пайызы тозып тұр

Кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген. Семейдегі аулалардың 90 пайызы тозып тұр

Семейдегі аулалардың 90 пайызының тозығы жетіп тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені сынға алған болатын.

"Жақында теледидардан Семейдегі балалар алаңы туралы сюжетті көрсетті. Бұл алаңды пайдалану қауіпті. Әкімдер өз қалалары мен елді мекендерінде жаяу жүруі керек. Бұл елордаға да қатысты", - дейді Президент. 

Семейдегі №1 шағынаудандағы аулалар кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген.

"Осы шағынауданда 1972 жылдан бері тұрамын. Бұл жердің аулалары сол уақыттан бері жөнделмеген шығар. Үйдің алды да быт-шыт. Жол жоқ, жаяу жүргінші жолы да жоқ. Үйдің жанында ойнайтын жер жоқ болған соң балалар жолдан өтіп, жағалауға барады", - дейді шағынаудан тұрғыны Сәбира Әбдікәкімова.

Қаладағы жаңадан салынған аулалар да көңіл көншітпейді. Мәселен, Өтепбаев көшесіндегі №52 үйдің ауласындағы ойын алаңы былтыр ғана салынған. Тұрғындар алаңқайдың сапасына наразы.

"Бұл жерде жалғыз үй емес, 4 үй бар. Әр үйде 6 кіреберістен бар. Соған қойғаны - осы. Мазақ қылғаны ма бұл? Екі бала әткеншек тепсе, қалған балалар кезекте тұрады. Бұл - бір. Екіншіден, мердігер компания былтыр есік алдына тасжол төсегенде, 4 кіреберіске дейін жасап, қалған екі кіреберісті тастап кетті", - дейді осы үйдің тұрғыны Болат Нұрмадиев.

Семей қаласы әкімдігі тозған аулаларды алдағы 5 жылда жөндеуді жоспарлап отыр.

"2023 жылға арналған жұмыстарды жоспарлау кезінде біз барлық ауланы аралап шықтық. Мен Семей аумағына кіретін ауылдар мен барлық кенттің тұрғындарымен кездестім. Олардың ұсыныс, тілегін тыңдадым. Шынында да, қаламыздағы ойын алаңдары мен аулалар өте нашар жағдайда. Бүгінде қаламызда 576 аула бар, оның 10 пайызы ғана жарамды күйде. Қалғандары күрделі жөндеуді қажет етеді. Барлық ауланы бір жылда жөндеп бітіру мүмкін емес. Сондықтан жұмыстарды әр жыл сайын кезең-кезеңімен жүргізіп, бес жыл ішінде жөндеп бітіреміз деп ойлаймын", - деп жазды Семей әкімі Нұрбол Нұрсағатов Facebook-парақшасында.

Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz