Қазақ студенті өз еркімен барған "Вагнер" жасағы қандай әскери ұйым?

Қазақ студенті өз еркімен барған "Вагнер" жасағы қандай әскери ұйым?
Фото: VITALY TIMKIV/TASS

Ресейдің "Вагнер" жасағының құрамына қосылған қазақстандық студент мәлімдеме жасады. Ол өз еркімен келгенін, ешкім ұрламағанын айтты. Осы орайда "Вагнер" жасағы қандай ұйым, бұл жерде жалдамалылар қанша алады және аталмыш шетелдегі соғысқа қатысқан жағдайда еліміз тарапынан қандай жаза күтіп тұр" деген сұрақтарға жауап беретін боламыз.

"Вагнер" жеке әскери компаниясы немесе "Вагнер" жасағы - Ресейдің тұрақты қарулы күштерінің құрамына кірмейтін және оның аумағында заңды мәртебесі жоқ бейресми әскери ұйым. Вагнер әскери бөлімдері құрамында жасақ саны әртүрлі дереккөздер бойынша әр уақытта – 1350-ден 2000 адамға дейін болған. Германияның Bild газетінің Бундесвердегі дереккөздерінің мәліметінше, жалдамалылардың жалпы саны 2500 адамға жетеді.

Ресейдегі шенеуніктер Вагнер компаниясының бар екенін жоққа шығарады. Кремль тек ресейліктердің шетелдегі соғыс қимылдарына жеке қатыса алатынын айтады. Жалдамалы қызметке Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 359-бабымен тыйым салынған, алайда Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасында және Сыртқы істер министрлігінде Ресейдегі жеке әскери компанияларды заңдастыру туралы ұсыныстар жасалған екен.

Евгений Пригожин © Михаил Метцель / ТАСС

"Вагнер" қашан құрылды және оған Пригожиннің қатысы бар ма?

"Вагнер" жасағының бастауы Сириядағы соғысына барып тіреледі. Ресейлік әскерлер бұл жерде  "Славян корпусы" деген атпен түрлі әскери операцияларды орындауға қатысқан. Кейіннен "Славян корпусы" әскери жасағының мүшесі Дмитрий Уткин "Вагнер" жеке әскери компаниясын құрған.

© Youtube.com

Дмитрий Уткин кім?

1970 жылы туған Дмитрий Валерьевич Уткин "Вагнер" атты жеке әскери компанияның басшысы саналады. Бұл қызметпен ол Псков облысының Печорь қаласында орналасқан ГРУ 2-ші бөлек арнайы жасақ бригадасының 700-ші жеке арнайы жасақ отрядының командирі қызметінен босатылғаннан кейін айналысқан. Бірақ бұл мәліметтің шынайылығы туралы ештеңе белгілі емес. 2016 жылы Уткин Кремльде ерлігімен ерекшеленген әскерилерге арналған арнайы қабылдауда көрініпті. 2017 жылдың маусым айынан бастап Уткин АҚШ-тың санкцияларына ұшыраған. АҚШ тізімінде: "Вагнердің жеке әскери компаниясымен байланысы бар" делінген.

Батыстың БАҚ өкілдері Украина Қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Грицактың мәлімдемелерінен кейін назар аудара бастады.

Вагнер жасағын Ресейдің танымал кәсіпкері Евгений Пригожин қаржыландыратыны айтылады. Бірақ кәсіпкердің өзі бұл мәліметті жоққа шығарған. Кейіннен Евгений Пригожин ұйымдастырған тендерлерге "Вагнер" жасағының қатысқаны белгілі болған.

© tvc.ru

Жалдамалылар қалай қабылданады және оларға қанша жалақы төленеді?

Вагнер құрамына кіретін жалдамалылар ақпаратты жарияламау туралы келісімге қол қояды. Санкт-Петербургтік "Фонтанка" басылымы құжаттардың жарияланған көшірмелеріне сілтеме жасай отырып, барлық үміткерлер жеке мәліметтері, фотосуреттері бар сауалнамалар толтырады, полиграфиялық тексеруден өтеді және олардың жұмысы үшін айына 160-нан 240 мың рубльге (900 мың - 1 млн 350 мың теңге арасында) дейін алады деп мәлімдейді.

Сириядағы ресейлік әскерилердің іс-әрекеттерін бақылайтын Conflict Intelligence Team (CIT) белсенді тобының негізін қалаушы Руслан Левиев жалақының мақсаттарға және операцияның өтетін орнына байланысты екенін айтады. Жалдамалы сарбаздар оқу кезінде жалақы 50-ден 80 мыңға дейін, шетелдік операциялар кезінде - 100-120 мың, соғыс қимылдары кезінде - 150-200 мың, арнайы жорықтар немесе ірі шайқастар кезінде 300 мыңға дейін жалақы алады екен.

Вагнер Украинамен соғыс кезінде қанша әскерінен айырылды?

БҰҰ мен Франция Вагнерді Орталық Африка Республикасындағы зорлау және тонау жасады деп айыптайды. Еуропалық Одақ және бірқатар басқа елдер бұл топты Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне нұқсан келтірді, Сирия мен Ливиядағы жағдайды тұрақсыздандырды, сондай-ақ адам құқықтарын өрескел бұзды деп айыптап, Вагнерге қарсы санкциялар салды.

"Вагнер" Ақ үйдің мәліметі бойынша, 2023 жылдың ақпан айының ортасына дейін Украинада қаза тапқан және жараланған 30 мыңға жуық адамды жоғалтқан.

Еліміз азаматтарына басқа елдегі соғыс қимылдарына қатысқаны үшін жаза қолданады

Қазақстан азаматтарының басқа елде соғыс қимылдарына қатысуы заңмен қудаланады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазір Украинадағы соғысқа 10 қазақстандық қатысып жатыр деп мәлімдеген болатын. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

"Қазақстан азаматтарының кез келген шет мемлекеттердің аумағындағы қарулы қақтығыстарға немесе ұрыс қимылдарына, жалдамалық белгілері болмаған кезде қасақана заңсыз қатысуына байланысты әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша диспозициясына жатады. Осы қылмысты жасағаны үшін бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Ал Қазақстан азаматтарын Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысуға БАҚ немесе телекоммуникация желілері, оның ішінде интернет желісі арқылы немесе шақыруға бағытталған жарияланымдардың сипатына, сондай-ақ өзге де қылмыс жасауға итермелеу мән-жайларына қарай (ҚР ҚҚ 28-бабының 4-тармағы), ұлтаралық қақтығысты қоздыру немесе азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері (ҚР ҚҚ 174-бабы), көрінеу жалған ақпарат тарату (ҚР ҚҚ 274-бабы) және өзге де қылмыстық белгілері бойынша заңға сәйкес жауаптылық қарастырылған", - деп жазады  Halyq Uni.

Т. Раушанұлы