Қалың мал бізде де бар: Түркістанда қазақ тіліне судай саха қызы тұрады

Қалың мал бізде де бар: Түркістанда қазақ тіліне судай саха қызы тұрады

"Қазақ" газетінің 110 жылдығына арналған ғылыми конференцияда таза қазақ тілінде баяндама жасаған жас қыздың ең алдымен Изабелла деген атына елең еттік. Сөйтсек, сырт келбеті қазаққа ұқсағанымен ол қыз саха ұлтынан екен. Қазақстанға келгеніне 10 жылға жуықтап қалса керек. Тек қазақшаға ағып тұрғаны емес, алаш тақырыбында ғылыми баяндама жасағаны елең еткізгендіктен, іс-шара біте салысымен іле-шала оны оңаша алып шығып, көкейдегі сұрақтарымды жаудырдым, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 


– Менің атым Изабелла Георгиевна. Саха Республикасынан келгенмін. Жасым 25-те, – деп бастады ол әңгімесін.

"Қазақстанға алғаш 2015 жылы келдім. Себебі Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университінің дайындық курсына оқуға түскен болатынмын. Әрі қарай бакалаврға филология факультетіне түстім. Оқуды бітірген соң Түркияға кеттім, өз еліме бардым. Бірақ осында қайтып келдім. Қазір Түркістанда магистратурады оқып жүрмін" - дейді Ол.

Сөз арасында қазақ ұлтын жақын тартатынын да жасырмады. 

"Саха республикасы Ресейдің құрамында ғой, яғни, сіздермен біз көршілес жатырмыз. Сондықтан Қазақстанды бұрыннан білемін. Бірақ қазақ пен саха бір туған, яғни, түркі тілдес халықтарға жататынын мен осында келгенде барып бір-ақ білдім. екі халық арасында тіл жағынан да ұқсастықтар бар екен. Мысалы сіздер "менің атым" десеңіздер, біз "мен атым" деп айтамыз. Балық – балык. Бізде уру деген бар. Ол – туысқандар, бір атадан тараған ұрпақтар. Сондай-ақ бізде бертінге дейін қалың мал да болған, бірақ қазір өкінішке орай оны ешкім ұстанбайды. Сәлем салу саха ұлтының дәстүрінде бар. Тағы да қазбалай берсек, екі халыққа ортақ біраз нәрсе шығуы мүмкін. Дегенмен қазіргі ұрпақ ол салт-дәстүрден қол үзіп қалған" дейді саха қызы Изабелла.


Саха республикасы туралы білгіміз келіп, біз де сұрақты жаудырттық. "Бүгінде Ресей Федерациясының құрамындағы Саха республикасында 995 мың 686 адам тұрады. Олардың ішінде 478 мың 109 адам ғана өз ұлтын саха деп көрсеткен" деген әңгімесіне қарай тілдеріне деген алаңдаушылығымызды да білдірттік. 


"Небары 500 мыңдай ғана халқы қалған саха тіліне жойылып кету қаупі төніп тұр, рас. Себебі жас ұрпақ саха тілін түсінбейді, үйреткенмен де оны меңгеріп, сөйлеп кете алмайды. Өйткені қолданыс аясы тар, қоғам бірыңғай орыс тілінде сөйлейді. Саха тілі мектептерде оқытылады, бірақ 1-5 сыныпқа дейін ғана. Одан бөлек 11-сыныпқа дейін түгел саха тілінде өтетін мектептер де бар, алайда оған кез келген оқушыны қабылдай бермейді, тек саха тілін жетік білетін студенттерді ғана алады" дейді Ол. 

Көптеген ұқсастықтарымызға таң қалып, діндері туралы да сұрадық. 

"Бізде Саха республикасында мұсылман дінін ешкім ұстанбайды, негізгі халықтың діни наным-сенімі тәңірлік, шаманизм. Күнге, Айға, отқа, суға табынады. Екінші бір орыстанып кеткен бөлігі христиан дінін ұстанады. Мысалы менің құрбымды туғанда әке-шешесі шоқындырып, ол солай христиан боп кеткен. Арагідік ислам қабылдағандары да кездеседі, бірақ олар аз, көбіне Түркияға оқуға барып, сонда түрік азаматтарына тұрмысқа шыққан қыздар. Ал өзім деистпін, ол – Алла ма, басқа ма, әйтеуір бізді жаратқан бір ұлы күштің барына сену. Ал қазіргі жастардың дені тәңіршілдікті ұстанады не атеист. Дегенмен өзін "мен атеистпін" деп айтқанымен, күнделікті өмірде тәңіршілдікке жататын салт-дәстүрлерді істейді. Яғни, өмір сүру салтына, күнделікті әдетіне айналып кеткен. Олар ол әдеттерінің шаманизм немесе тәңірлік дінге жататынын білмейді" дейді Изобелла.

Әңгімелескен: Мәриям ӘБСАТТАР

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы