"Қыз Жібек рөліне әркім өз әйелі мен тоқалын ұсынды". Сұлтан Қожықов шәкіртімен сұхбат

"Қыз Жібек рөліне әркім өз әйелі мен тоқалын ұсынды". Сұлтан Қожықов шәкіртімен сұхбат

Биыл Қыз Жібек фильмімен тарихта қалған режиссер, суретші, өнер қайраткері Сұлтан Қожықовтың туғанына 100 толды. Осы атаулы мерейтойға орай Massaget.kz порталының тілшісі Сұлтан Қожықовтың шәкірті, режиссер-драматург, Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубаймен тілдесті.

 Сұлтан ағаларымыз қазақ театр-кино өнерінің инстутын ашпақ болды

Тарихта бағаланбай жатқан киностудияның, театрдың, цирктың 2 жылдық студиялары бар. Небір халық әртістері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары сол студиядан шыққан. Мәскеудің билігі дүркіреп тұрғанда Сұлтан ағаларымыз қазақ театр-кино өнерінің инстутын ашпақ болды. Ол кезде институт ашуға мүлдем құқық жоқ. Оны тіпті айтуға болмайды. Сондықтан олар амалдың жоқтығынан 2 жылдық студия ашты. Жоғары білім, диплом бергізбейді. Тек жұқа қағаз ғана қолымызға беретін. Сол жерде Нұржұман Ықтымбаев, Рая Мұхамедиярова, оқыды, одан кейін біз де білім алдық.

Қыз Жібек ұлттың мақтанышы шығар, бірақ ол менің қасіретім

Көзім көргенді айтайын. Бірнеше журналистер келді, сұхбат алайық деп. "Не айту керек?" дейтін. "Киноңыз жайлы айтасыз ба?" дейтіндерге: "Кино түсірдім. Барыңдар да көріңдер" деп қоя салатын. "Соғыста болыпсыз, отбасыңыз туралы..." десе шарт ете қалатын. Айтпайтын. Ішкі сырын, жырын білдірмейтін. Тек ол кісі инфаркт алып, киностудиядан кетіп бара жатқан кезде, бізбен қоштасуға келгенде ғана көз жасын көрдік. Сонда ғана шешіліп сөйледі. Менің жүрегіме тиген бір-ақ сөзі болды. Миыма жазылып қалды. Сұлтан ағамыз былай деп айтты: "Қыз Жібек халықтың бақыты шығар, ұлттың мақтанышы шығар. Бұл менің қасіретім".

Қыз Жібек рөліне әркім өз әйелі мен тоқалын ұсынды

Себебі ол кісі соғыстан көрмеген қиындығын, кинодан көрді. Жай ғана бір мысал айтайын, Қыз Жібекті "анау ойнау керек, мынау ойнау керек" деп әркім өз әйелдері мен тоқалдарын ұсынды. Олар белді, абыройлы адамдар болатын. Солар Бекежан мен Қодардың рөліне де өз адамдарын ойнатпақшы болды.

Басында үндемеді, басқалар арқылы сәлем айтып, түсірмейтінін айтатын. Кейін тіке беттерін қайтаратын болды. Бір кісілерді ортаға салды. Сұлтан ағамыз оларға: "Жоғалт көзіңді, енді мұндай әңгімемен келмейтін бол!" деп айтып тастайтын. Айғайға басатын. Көптеген актер күмәнді, ойнай ала ма ешкім білмейтін. Қалай болар екен деп жүретін. Мысалы, Меруерт мектептен келген бала ғой. Актерлік шеберлігі аз болатын. "Күл" десе күле алмайды, "жыла" десе жыла алмайды. Сол үшін қаншама қиындық көрді.

Сұлтан ағамыздың түбіне жеткендер рушылдар мен жершілдер

Сонда Қодарға кинобайқауға (кино прова) барған Нұрмұхан Жантөрин Сұлтанның ойын ұққасын: "Әй, Сұлтан, мен ойнамай-ақ қояйын. Оның үстіне баяғыда Қодарды ойнағам және сен айтқан жастан өтіп кеттім" деп бірден бас тартты.

Міне, бұл Нұрмұхан Жантөриннің адамдық әңгімесі, жарықтық білімді адам болатын. Сұлтан ағам Ілияс Есенберлинмен араласты.  Неге араласты, себебі ол да халық жауы атанған атақты жазушы. Сұлтан ағамыз да халық жауының баласы. Әкесі Қоқан хандығыны қаржыландырған. Сол жағдай Сұлтан ағамыздың басына өмір бойы бәле болды. Ол кезде алаштықтардың ақталмай тұрған кезі. Тегін айтудан да қорқады. Аяқтан шалады. Сондықтан Ілияс Есенберлинмен дос, мұңы бір болатын. Ол кісі де "оңып" тұрған жоқ. Қудалауға ұшыраған қаламгер...

Қысқаша айтқанда, Сұлтан ағамыздың түбіне жеткендер рушылдар мен жершілдер.

Қыз Жібекті мемлекеттік сыйлыққа ұсынған кезде режиссер Сұлтан Қожықовты алып тастады

Қыз Жібекті 3 жыл түсірді, бірақ 1 тиын алған жоқ. Ол кезде 1-2 дубльге ғана рұқсат беретін. Бұл кісі 5-6 дубль түсіретін. Ол кезде пленканың әр метрі қып-қызыл ақша. Сол шығынның бәрін Сұлтан ағамыздан өндіріп алды. Кино біткесін де 2 жыл айлықсыз отырды.

Оданда сорақысын айтайын, Қыз Жібекті мемлекеттік сыйлыққа ұсынған кезде режиссер Сұлтан Қожықовты алып тастады. Неге алып тастағанын түсініп тұрған шығарсың. Ықпалды адамдар араласты. Сол киноға түскен бір ағам Шәкеншіл болды. Ал не дейсің?

Қазір де ол ағаларыммен кездесуге барып жүрмін ғой. Олар Сұлтан туралы тіс жарып айтпайды. Тек Шәкен Аймановты айтады. Оған қарсы емеспін. Айтсын. Бірақ Сұлтан Қожықов та дәріптелу керек қой.

Педагогика жағынан да өте талантты еді

Сұлтан ағамыз кішіпейіл еді. "Сұлтан аға" десе үлкен-кіші болсын жалп ете қалатын. Өзін сыйлаған адамға құл еді. Шәкірттерін қазіргідей отырғызып қойып оқытпайтын. Ол кездегі оқыту кездесу сияқты өтетін. Не айтады, бәрін ұғып отырамыз, керек жері болса жазып алатын едік. 2 жыл оқығам студиям қазіргімен салыстырғанда 20 жыл оқығандай. Таңдайымызбен татып, қолымызбен ұстап өстік.

Довженкодан сабақ алды. Сол ұстазынан алған тәлімі болу керек, киноны қызықты ету үшін киноның шыққан тегінен алып келетін, ағайынды Люмерлер туралы алғаш сол кісіден естідік. Ол кісі "ана музейге бар, мына кітапты оқып кел" деп үнемі шабыттандырып отыратын. Бір кітаптың ішіндегі суретті сұрайтын. Баранов деген суретші болды. Сол суретшіні бізге танытқан Сұлтан ағамыз еді. Педагогика жағынан да өте талантты еді. Қысқа-нұсқа, нақты сөйлейтін. Мысалы, мен ҚазҰУ-дың архив мамандығын бітіргем. Менің ең үлкен ұстазым Әлкей Марғұлан. Айтуға болмайтын нәрселерді сыбырлап айтатын. Кейде қызып кетіп көп нәрселерді айтып қояды да артынан "мен осы лағып кеттім-ау" деп қоя салатын. Мұны неге айтып отырмын. Адамның ұстазы мықты болу керек екен. Мен сол кісілерден тек білім алған жоқпын, көп нәрсе үйрендім.

Үшінші инфаркт алғанда кетті ғой

Қыз Жібектің бір сериясын бітіргесін монтаж кезінде инфаркт алды, екіншісі мемлекеттік сыйлыққа барғанда тағы да алды. Содан кейін үшіншісінде кетті ғой...

Елдер білмейді. Қажымұқанды түсірді ғой. Білмейтіндер "ұстазың Қажымұқанды түсіре алмады" деп айтады. Қажымұқанның  сценариін бұл кісі ұлттық сипатта жазды. Енді түсірейін деп жатқанда, ақша бөлінгесін, Сұлтан ағамызды шақырып алып: "Социалистік реализмнің негізінде Поддубный арқылы түсіресің" деді. Бұл кісі "түсірмеймін!" деді. Сонымен сценарий быт-шыт. Ағамыз торға түскендей қайғырды. Соның кесірінен көп өмір сүрмеді.

Суретте сол жақтан бастағанда: Режиссер Сұлтан Қожықов, ағасы суретші Құлахмет Қожықов, Құлахметтің қызы Сәуле Қожықова

Айта кетейік, Сұлтан Қожықовтың 100 жылдық мерейтойына орай Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде "Алтынның сынығы, асылдың тұяғы" атты Қожықовтар династиясы көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш көрмеде Қожықовтардың суреттері мен эскиздері қойылды.

Т. Раушанұлы