"Шешеңе айтсаң, екеуіңді де жоқ қыламын". Жаңаөзенде туған қызын 6 жыл бойы зорлап келген әке ақталып шықты

"Шешеңе айтсаң, екеуіңді де жоқ қыламын". Жаңаөзенде туған қызын 6 жыл бойы зорлап келген әке ақталып шықты
Фото: elements.envato.com

Маңғыстау облысы Жаңаөзенде әкесі туған қызын 6 жыл бойы зорлап келген. Педофиль қызды "шешеңе айтсаң, екеуіңді де жоқ қыламын" деп оқтаумен ұрып, қорқытқан. Massaget.kz тілшісіне қыздың анасы оқиға туралы мәлімдеді. 

Қызына азғындық жасады деп айыпталған адам сот үкімімен ақталып шыққан.
 
Жәбірленушінің анасы Айтқалиеваның (аты-жөні өзгертілді - еск.) айтуынша, жолдасы қызын алғаш рет 10 жасында зорлаған. Оқтаумен ұрып қорқытып, жеткіншекке азғындық жасаған. Ал қызы үйде жиі жанжал болып, әкесінің анасына талай рет қол көтергенін көрген соң, анасын өлтіріп тастайды деп қорыққаннан, болған жәйтті айтпаған. Зорлық-зомбылық 6 жыл бойы жалғасқан. Тек 2021 жылы отбасының екінші қызы оқиғаның үстінен түскен.  

"Естігенде шок болдым. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жағдайды жолдасымның әулетіне айтқанымда, бәрі маған ұрысып, "абыройымызға кір келтіресің және қызыңның тағдырына балта шабасың, жариялаушы болма" деді. Бірақ, мен қатты қиналдым. Жасырын, онлайн түрде психологтың көмегіне жүгіндім. Сол психолог оқиғаны әлеуметтік желіге жариялап, қылмыстық іс қозғалды", - дейді Айтқалиева.

Айтқалиеваның сөзінше, қылмыстық іс қозғалғанда жолдасы тергеуден қашып, кейін ұсталып, қамауға алынған. Қашып жүрген кезінде ол хабарласып, кінәсін мойындаған. Оған қоса, "өлемін, мені әкемнің жанына жерлесін" деген. Сол сөздері жазылып, іске тіркелген. Одан бөлек, бірнеше сараптама жасалып, жәбірленуші оқиғаны баяндап берді. Алайда Ақтау қалалық соты күдіктіні ақтау туралы үкім шығарған.

Кеше өткен аппеляциялық сотта Маңғыстау облыстық соты да алдыңғы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қыздың анасы 1,7 жылдан бері олардың құқын қорғап жүрген заңгердің сотқа қатыстырылмағанын айтады. Салдарынан олардың құқығы бұзылып, қорғаусыз қалған.  

Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Нұршат Өтеуованың айтуынша, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы, бірінші саты сотының сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Прокурордың апелляциялық жеке өтініш хаты және жәбірленушінің заңды өкілінің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Ал облыстық прокуратура үкіммен келіспейтіндерін, Бас прокуратураға кассациялық шағым келтіруге ұсыныс беретіндерін жеткізді.

"Дәлелдің бәрі тағы да жоққа шығарылды. Қылмыскер бостандықта қалды. Мен сотқа сенбеймін. Бірақ әділдік бар деп үміттенемін. Сондықтан қызым үшін аяғына дейін күресемін", - дейді қыздың анасы Айтқалиева.

Жәбірленушінің анасы енді әділдік іздеп, Жоғарғы Сотқа жүгінбек. Сондай-ақ, ол Балалар құқықтарын қорғау комитетіне осындай жабық соттарға қатысып, балалардың құқығын қорғайтындай құзірет беруді сұрап, Президентке хат жолдады.  

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек