Балаларына керек емеспін деп ойлаған. 25 жылдан кейін әкесімен қауышқан қыздың оқиғасы

Қостанай облысында 25 жыл бойы бір-бірін көрмеген әке мен қыз қауышты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жантебірентер оқиға туралы poisk_region_10 еріктілері әлеуметтік желіде жариялаған. Нина есімді Мәскеу тұрғыны қорға әкесін тауып беру туралы өтінішпен жүгінген. Ол ұзақ жыл бойы әкесін іздеген, ал әкесі балаларына керек емеспін, мазаламайын деп ойлаған, өйткені оның себебі де болған. Сондай-ақ, оның Отанына қайтуға құжаттары болмаған.

Еріктілердің айтуынша, әдеттегідей әйелі мен күйеуі ажырасқан. Кейін әйел балалармен Мәскеуде қалған, ал ер адам Қазақстандағы ағасына ауылға кеткен.

КСРО ыдырап кеткен соң, олардың арасындағы байланыс та үзіліп қалған.

"Бірде әкесі қызын іздеп, Одноклассники желісінде хат жазып, жауап алмай, қызы араласқысы келмейді деп ойлаған. Ал қызы парақшасының құпиясөзін ұмытып қалған болып шықты", - деп жазған еріктілер.

Осылайша, еріктілер әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Кейін Нинаның әкесінің көршісі хабарласқан.

100 шақырымды артқа тастаған еріктілер Нинаның әкесін - Алексейді тапқан. Сондай-ақ, қор мүшелері тосынсый жасап, оның қызына бейнеқоңырау арқылы хабарласып сөйлестірген.

Ал жақында Нина әкесіне ұшып келген. Алексей де қажет құжаттарын алған. Енді ол отбасына барып тұра алады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!