- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оралдық кәсіпкерді аяусыз...
Оралдық кәсіпкерді аяусыз өлтіргендерге сот үкімі шықты
Бүгін, 13 сәуірде қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 32 жастағы Руслан Қожантаев пен 22 жастағы Тұрлан Амангелдіге қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой городқа" сілтеме жасап.
Сотталушы Тұрлан Амангелді
"Сот үкім етті: Руслан Қожантаев ҚК 99-бабы, 2-бөлігі 5-7 тармақтары бойынша кінәлі деп табылсын және оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Тұрлан Амангелді ҚК 99-бабы, 2-бөлігі 5-7 тармақтары бойынша кінәлі деп табылсын және 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деп судья үкімді оқып берді.
Бұған дейін Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта былтыр тамызда елді дүр сілкіндірген оралдық кәсіпкер Еркін Мұханғалиевтің өліміне қатысты сот отырысы аяқталғанын хабарлаған едік.
Соңғы сөзін сөйлеген сотталушы Руслан Қожантаев марқұм ресторатордың туыстарынан кешірім сұрады.
"Мен кінәмді мойындаймын, бірақ алдын ала сөз байласу болды және кісі өлтіру ерекше қатыгездік болды дегенге келіспеймін. Маған прокурор мен тергеушінің тексергені үшін емес, нақты істеген ісім үшін жаза тағайындауыңызды сұраймын", - деді ол.
Екінші сотталушы Тұрлан Амангелді де жәбірленушілерден кешірім сұрады.
"Қазылар алқасы әділ шешім шығарады деп сенемін. Мен Мұханғалиевті өлтірмедім. Барлығынан кешірім сұраймын", - деді сотталушы қысқаша.
Еске салайық, оқиға 6 тамызда кешке болған еді. Еркін Мұханғалиевтің мәйіті П.Атоян атындағы стадион тұрағынан табылған болатын. Сонымен қатар, кәсіпкерге кафеде шабуыл жасалғаны анықталды.
Кейінірек күдіктілердің жеке басы анықталды, олар - кісі өлтіргеннен кейін оқиға орнынан қашып кеткен 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді.
Полицейлер Оралдан шығатын және кіретін жолдарды тексерген, күдіктілер баруы мүмкін деген жерлер тексерілген. Қылмыскерлерді ұстауға күш құрылымдары жұмылдырылған.
Артынша оралдық кәсіпкерді өлтірген сәттің видеосы тараған еді. Кадрда кәсіпкердің екі жігітпен дәмханада қалай сөйлесіп жатқаны көрсетілген. Кенет жанжал басталып, жігіттердің бірі кәсіпкердің мойын тұсына пышақ сұғып алған. Содан кейін ол тағы бірнеше рет ұрады. Жарақат алған Мұханғалиев терезеден шығып үлгереді, бірақ олар қуып жетіп, көшеде тағы 15 рет пышақтаған. Кәсіпкер жедел жәрдем келгенше, қайтыс болған. Кейін бұл іс бойынша күдіктілер ұсталғаны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан