Алматы облысында 74 жастағы әже зілтемір көтеріп, жаттығу жасайды

Алматы облысында 74 жастағы әже зілтемір көтеріп, жаттығу жасайды

Алматы облысында зілтемір көтеретін әже тұрады. Батиқа Жөнкешованың жасы 74-те. Бірақ ол ештеңеге қарамастан әлі күнге белсенді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Батиқа Жөнкешова өмірлік жолдасы Жомарт Жөнкешұлымен бас қосып, Сарқан ауданында ұжымшар қойын баққан. Зейнет жасына жеткенше аттан түспеген. Зейнетке шықса да қарап отырмаған.

Күн сайын ауа райының ыстық, суығына қарамай 3-4 шақырым жол жүруді де жақсы әдетке айналдырған. Ал екі ай бұрын Байсеркедегі фитнес залға жазылып, спортпен шұғылдана бастапты.

"Буындарым ауыратын. Жаттығу жасағалы бері жағдайым жақсарып қалды. Жасым жетпістен асты екен деп үйде қарап отырғаным жоқ. Бапкердің арқасында осының барлығын үйреніп, жасап жатырмын. Денсаулығым түзеліп келеді. Белім, тізем ауыратын. Қан қысымым жоғары еді. Ол да қалыпқа түсті. Енді мұны қалдырмай әрі қарай жалғастыра бергім келеді. Өзіммен құрдас кемпірлерге айтарым бар. Үйлерінде жатпай, жаттығуға келсін. Денсаулықтарына пайдалы", - дейді Батиқа әже.

Ол - фитнес орталықтағы ең жасы үлкені. Кір тастары мен гантель көтергенде әже жастардан қалыспайды.

"Жаттығуды ұқыпты, техникалық ережені сақтап жасайды. Ол жағынан жасы 74 емес, 24-те екен деп қаласың", - дейді фитнес бапкер Ақсар Асанбаев.

"Берілген тапсырмалардың бәрін жақсы орындайды. Энергиясы, күш қуаты мықты кісі. Осылай жалғастыра беретін болса денсаулығы мықты болады. Апамыз - барлығымызға үлгі. Кейбір жігіттер залға келгенімен ерініп, жалқаулығы қысып тұрады. Ал апамыздың жүгіріп немесе темір көтеріп жатқанын көргенде дереу іске кіріседі", - дейді ол.

Батиққа Нұрбекқызының үйдегі сүйікті ісі - кесте тігіп, тоқыма тоқып, құрақ көрпе құрау.

"Шешем өте ісмер адам болатын. Қолынан келмейтін нәрсесі жоқ еді. Алаша, киіз басуды анам үйретті. Қазір соның барлығы ұмыт бола бастады ғой. Бірақ балаларым үйренсін деп жалғастырып жатырмын. Бір жағынан бұл қолөнер. Келінге, қызға үлгі, өнеге болады", - дейді әже.

Ақ жаулықты әже "қартайдым, қайғы ойладым" демейді. Заманауи ақпараттық технологияларды да меңгеріп алған. Смартфонның мүмкіндіктерін біледі. Әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, жақындарымен үнемі хат жазысып, хабар алмасып отырады.

Батиқа Нұрбекқызы ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген. Қазір 5 баласынан он шақты немере сүйіп отыр.

Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz