"Ұлыңыз келіннің орнына еңгезердей қызтекені үйге ертіп келсе..." - Ардақ Назаров ЛГБТ туралы ойын айтты

"Ұлыңыз келіннің орнына еңгезердей қызтекені үйге ертіп келсе..." - Ардақ Назаров ЛГБТ туралы ойын айтты

Депутат Ардақ Назаров Мәжіліс отырысында идеология мәселесін көтеріп, ЛГБТ насихаты туралы ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Біз экономиканы реттейміз, саясатпен айналысамыз деп жүріп, идеология мәселесін естен шығармауыз керек. Мемлекет іргесінің берік болуы, халықтың баянды өмір сүруі үшін ең алдымен дәл осы идеология саласын реттеуіміз қажет. Оны бәріңіз білесіз! Өздеріңізге мәлім, 8 сәуірде Астанада феминистер шеруі өтті. Бұл күні тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг болады деген. Бірақ, олай болмады, жиналғандар әйел теңдігін айтудан бастап, соңында гомосексуализмді насихаттады. Өрімдей балалар, арасында оқушылар да бар, ЛГБТ жалауын жамылып жүр", - дейді депутат.

Назаров соңғы кезде ақпараттық кеңістіктерде біржыныстық неке, гомосексуализм, жынысты ауыстыру секілді мәселелер еркін насихатталып жатқанын айтады. 

"Ең сорақысы, гей-пропоганда қазір Астана мен Алматы секілді ірі қалалардың жекеменшік мектептерінде де өте қарқынды насихатталып жатыр. Мұны сондағы оқушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан ашық аңғаруға болады. Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады дейді атам қазақ. Өкінішке қарай, біз сол ауруды қоғамға жұқтырып алдық. Бұл бәлкім, идеологияның әлсіздігінен шығар. Енді қанымызға сіңіп кетпей тұрғанда дереу алдын алу шараларын қолға алу қажет.

Қазір менің осы депутаттық сауалым жарияланысымен-ақ өз қандастарымыз жағамнан алатынын біліп отырмын, "толеранттық", "төзімділік" деген сөздерді қалқан етіп, әлеуметтік желілерде қаралайды. Осындай азаматтарға айтарым: ертең сіздің ұлыңыз келіннің орнына еңгезердей қызтекені үйге ертіп келсе, немесе аялап өсірген қызыңыз еркекшорамен "отау құрып" жатса, толерантты болып батаңызды бересіз бе? Мұндай азғындық өз отбасыңызға келсе төзесіз бе?", - дейді Ардақ Назаров. 

Депутат митингке келген балалардың ата-аналарынан сұрау алынуын, барлық платформада, соның ішінде әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетке сәйкес келмейтін фильмдер мен сериалдарды көрсетуге және насихаттауға тыйым салынуын, теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормалары жасақталып, Парламентке қарастыруға енгізілуін, республика көлеміндегі оқу орындарында ұлттық құндылықтарды, мәдениетті насихаттау сабақтары оқытылуын сұрады.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина