- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада наразылық білдірген...
Астанада наразылық білдірген жұмысшылар ұсталды: полиция пікір білдірді
Полиция Астанаға өз талаптарымен барған жаңаөзендік жұмысшыларды Энергетика министрлігі ғимаратының маңында ұстап әкетуге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Кеше елордада мұнай саласының сервистік компаниясының бір топ қызметкерлері рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды. Ел заңнамасына сәйкес бұқаралық жария іс-шаралар халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірмейтін шараларды қабылдай отырып, осы үшін арнайы бөлінген орындарда жергілікті атқарушы органдарды алдын ала хабардар ете отырып жүргізілуі тиіс. Митингілердің "бейбіт жиналыстар туралы" заңды бұзуына байланысты жергілікті атқарушы органдарда митинг өткізуге, сондай-ақ мәслихаттың жергілікті шешімінің тізбесінде бекітілмеген жерде рұқсат етілмеген митинг өткізуге өтінімнің болмауы бөлігінде полицияға акцияның бірқатар ұйымдастырушысы мен белсенді қатысушы жеткізілді. Олар ескертуге немесе отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғатын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488 және 667-баптары бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылатын болады. Олардың іс-әрекеттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетін болады", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, ғимарат маңында "ҚазМұнайГаз" бен "Өзенмұнайгазға" қызмет көрсететін "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнында жұмыс істеген қызметкерлер жиналды. Олар жұмыстан қысқарып қалған. Өйткені "ҚазМұнайГаз" ұйымдастырған тендерде "БерӘлі Маңғыстау Company" жеңіліп, "Кезби" және Ai-Bis компаниялары жеңген. "ҚазМұнайГаз" компаниясы жұмысшыларға тендерді жеңген екі компаниядан жұмыс ұсынған. Алайда наразылар бұл ұсынысқа келіспей, "тоғыз айдан соң тағы тендер өтіп, тағы да жұмыссыз қаламыз, бізге тұрақты жұмыс керек" деген еді.
Әлеуметтік желіде Энергетика министрлігі ғимаратының маңында бір тәулік бойы наразылық білдіріп, түнеп шыққан жұмысшыларды арнайы жасақ әуелі кеттлинг әдісімен қоршап, кейін ұстап жатқан сәті түсірілген видео тарады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Еске салайық, бұған дейін Жаңаөзеннен барған 60-70-ке жуық адам талаптарын айтып, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына жиналды. Бұл мәселеге қатысты Қазмұнайгаз өкілдері түсінік берді.
Ал Үкімет отырысында елордаға келген жаңаөзендік мұнайшыларға қатысты вице-премьер Алтай Көлгінов пікір білдірді. Вице-премьердің айтуынша, бұл келіссөздер процесі де, барлығы да заң аясында шешілуге тиіс.
М. Лұқпан