Қазақстан мен Әзербайжан президенттері не туралы сөйлесті?

Қазақстан мен Әзербайжан президенттері не туралы сөйлесті?
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Әзербайжан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Әзербайжан президентінің бұл сапарының маңызы зор екенін айтты.

"Біз былтыр стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға, сондай-ақ, ынтымақтастықты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бүгін тағы бірқатар маңызды құжат қабылданады. Сонымен қатар, сіздің бүгінгі сапарыңыз аясында ынтымақтастығымыздың саяси тұғырнамасына тың серпін беретін Жоғары мемлекетаралық кеңес құрамыз. Бұл екіжақты қатынастарға тың серпін беретіні сөзсіз", - деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы екі ел арасындағы сауда айналымына тоқталды.

"Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың айтарлықтай ілгерілеп келе жатқанына көңіл толатынын айтқым келеді. Бүгін атап өткеніміздей, тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жетті. Бұл үлкен нәтиже деп ойлаймын. Экономикалық әлеуетіміз толық пайдалана отырып, бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізетінімізге сенімдімін. Бұл үшін бізде энергетика, көлік, логистика, IT, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тағы басқа салаларда айтарлықтар резервтер бар", - деді Мемлекет басшысы.

Алдағы күндері Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Ал Қазақстанда Гейдар Әлиев атындағы көше ашылады.

"Екі елдің мәдени онкүндігін өткізу туралы уағдаластықты ерекше атап өткім келеді. Биыл Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Бүгін біз құрметті Әзербайжан президентімен бірге көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиев атындағы көшені ашамыз. Бұл игі шара әзербайжан халқының біртуар перзентінің жүз жылдығына орай өткізіліп отыр. Елдеріміздің шынайы достығы мен өзара қолдауының тағы бір айқын дәлелі - қазақ халқының Әзербайжанға тартуы Физули қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар шығармашылық орталығы. Бұл нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатқаны жөнінде маған мәлімдеді. Осы маңызды нысанның іске қосылуын жуық арада көре аламыз деп ойлаймын. Біз гуманитарлық байланыстарды жан-жақты дамытып, ортақ рухани және мәдени құндылықтарды байытуға ниеттіміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді.

"Ең алдымен, Қазақстанға ресми сапармен шақырғаныңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Бауырлас қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Біздің қарым-қатынасымыз нығайтып келеміз. Халықтарымыздың арасындағы байланыстың тарихы терең әрі біз әрдайым бір-бірімізге бауыр ретінде қараймыз. Бүгін осы берік іргетастың негізінде келешегімізді бірге құрып жатырмыз. Біз бұған дейін талқылаған ынтымақтастықтың барлық саласының әлеуеті мол. Гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың айрықша маңызды екенін айта кеткім келеді. Қазақстанның Әзербайжандағы, сондай-ақ, Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ұйымдастырылуы елдерімізді одан әрі жақындата түсіп, халықтарымыздың терең тарихы мен бай мәдениетін паш етеді. Біздің ойымызша, мемлекетаралық қарым-қатынасымыздың негізі - осы гуманитарлық сала. Әрине, екі тараптың да мүддесіне сай салалар аз емес. Біз, шын мәнінде, өзара ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп жатырмыз", - деді Ильхам Әлиев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова