"Сол елдің заңы бойынша жазаланады". Оңтүстік Корея шекарасын заңсыз өтпек болғандарға қатысты жаңа дерек шықты

"Сол елдің заңы бойынша жазаланады". Оңтүстік Корея шекарасын заңсыз өтпек болғандарға қатысты жаңа дерек шықты
Фото: Yonhapnews

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтардың оқиғасы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Өздеріңізге белгілі, 2023 жылғы 24 наурызда Инчхон әуежайында паспорттық бақылау кезінде Ташкенттен келген екі қазақстандыққа Оңтүстік Корея Республикасына кіруге тыйым салынды. Депортацияны күту үшін олар арнайы бөлмеге орналастырылды, олар түнде қашып, Оңтүстік Корея аумағына заңсыз кірген", - деді Смадияров.

Оның айтуынша, бір қазақстандық 26 наурызда ұсталған, екіншісі 29 наурызда өз еркімен берілді.

"Қазір екеуі де Инчхонның көші-қон орталығында, тергеу изоляторында. Оңтүстік Корея заңнамасына сәйкес тергеу шаралары 3 айға дейін созылуы мүмкін, содан кейін іс прокуратураға беріледі. Осыған байланысты Кореяның құзырлы органдары тергеу мүддесі үшін істің мән-жай ашылмай отыр. Олар елдің заңын бұзды. Әрине, олар сол елдің заңдары бойынша жазаланады. Бұл жағдайда депортация туралы әңгіме болмайды: бұл - шет мемлекеттің заңдарын өрескел бұзу. Қазір оларды қайтару мүмкін емес", - деді Смадияров.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өкілінің мәліметінше, бұл азаматтар Оңтүстік Корея заңнамасын үш рет бұзды деп айыпталып отыр.

"Біріншісі - көші-қонды бақылау туралы заңнаманы бұзу, елге заңсыз кіру. Екіншісі - көші-қонды бақылау туралы заңнаманы бұзу, елде заңсыз болу. Үшіншісі - әуежай ғимараты мен оның нысандарына қатысты заңды бұзу, материалдық шығын", - деді Смадияров.

Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен және азаматтардың туыстарымен тұрақты байланыста екені хабарланды.

Ол Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтарының жаппай жұмыстан босатылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.

"Бұл оқиға ресми түрде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына әсер еткен жоқ", - деп қорытындылады СІМ өкілі.

Еске салайық, бұған дейін екі қазақстандық ер адам Оңтүстік Корея шекарасын заңсыз өтпек болғанын хабарлаған едік. Олар Оңтүстік Кореяға биыл 24 наурызда Ташкенттен барған. Кейін олардың туысқандары оқиғаның мән-жайын айтып, сұхбат берді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек