"Интернет тек жұмыс күндері ғана істейді". Аягөз ауданының тұрғындары министр Бағдат Мусинге мұңын шақты

"Интернет тек жұмыс күндері ғана істейді". Аягөз ауданының тұрғындары министр Бағдат Мусинге мұңын шақты

Аягөз ауданы Тарбағатай ауылының тұрғындары әлеуметтік желі арқылы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннен интернет мәселесін шешіп беруді сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тарбағатай ауылы тұрғындарының айтуынша, елді мекенде интернет тек әкімдік ғимаратында жақсы ұстайды. Мектепте бар деген аты ғана. Жылдамдығы өте баяу. Содан да болар, ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін әкімдікке келіп, қаздай тізіліп отырады.

"Дәл осы көріністің жалғасып келе жатқанына 4-5 жылдың жүзі өтті. Қашанға дейін ауыл тұрғындары ауыл әкімдігінің ғимаратын жағалап жүрмек? Бұл сұрақты жауапты министр Бағдат Мусинге қойғымыз келіп отыр. "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының игілігін Тарбағатай ауылы да көргісі келеді, интернеттің қызығын Тарбағатай ауылы да сезінгісі келеді. Сіздерден 4G сұрамаймыз. Сапалы түрде 3G (H+) желісін іс жүзінде орнатып беріңіздерші. Қазіргі қағаз жүзінде немесе символикалық түрде ұстап тұрған 3G (H+) желісінің ауыл тұрғындарына қажеті жоқ", - дейді ашынған ауыл тұрғындары.

Елді мекен халқы әсіресе күн суықта балаларға қиын екенін айтады.


"Бүгін міне, 20 күннен асты Beeline операторымен интернетке шыға алмай қалдық. Осы уақытқа дейін WhatsApp-та хабар алмасуға осы оператор үлкен септігін тигізді. Бірақ оның өзінде жылдамдығы өте төмен болатын. Жазған хабарламаның өзі 10-15 минутта барады. Қазір мүлде SMS те бармай қалды. Кеше күн суытып, қар жауды. Балаларымызға обал, әкімдіктің айналасын жағалап табандарынан сыз өтетін болды. Оператордың тарифі де қымбат. Әр ай сайын қаншама теңге босқа кетеді", - дейді ауыл тұрғыны Кенжеғазы Қуандықов.

Интернеттің баяулығы, әсіресе, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер мен дәрігерлерге қиын соғып отыр.

"Интернеттің жылдамдығының аздығына байланысты клиенттердің көпшілігі кетіп қалады. Бір клиенттің өзіне жарты сағаттан артық қызмет көрсетеміз. Сондықтан кейбір клиенттер зейнетақысын аудан орталығы Аягөзден барып алуға мәжбүр", - дейді ауылдағы пошта қызметкері Айнұр Құндақбаева.

Дәрігерлер де интернеттің игілігін көре алмай жүр.

"Мәліметтерді әзер жібереміз. Кейде қалаға хабарласып, сондағы дәрігерлерге айтып, құжаттарымызды салып беріңіздерші деп жалынамыз", - дейді медбике Жанар Мұстафина.

Аягөз ауданының Ақши, Сарыарқа, Қараағаш ауылдарында да дәл осындай жағдай. Тарбағатай ауылының әкімі Ербол Ережепов интернет мәселесін айта-айта шаршағандарын жасырмады.

"2019 жылға дейін осы ауылға қарайтын Малтүгел, Ортарал, Ақшоқы елді мекендерінде екі байланыс операторы (Activ, Beeline) қызмет көрсеткен. Барлық жерде таудан ұстайтын. Малшылар қиын жағдай туғанда телефонға шыға алатын. 3G орнатқалы бері байланыстан мүлде ажырап қалдық. Ауыл, аудан әкімшілігі атынан бірнеше рет хат жазып, сұрау салдық. Әзірге ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпыз", - дейді ол.

Интернеттің қиындығы қажытқан ауыл тұрғындары басқа жақтарға көше бастапты.

"5-6 жыл бұрын ауылда 2 мыңға жуық адам тұратын. Қазір 1533 тұрғын қалды. Былтыр 23 отбасы интернеті бар, төрт құбыласы түгел елді мекендерге көшіп кетті. Бұл цифрлар нақты емес, әлі де өзгеруі ықтимал. Биыл да біраз отбасы кетеміз деп буынып-түйініп отыр", - дейді осы ауылдың тумасы Думан Кенжеғазин.

Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы