- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сойыл ұстап жүрміз"....
"Сойыл ұстап жүрміз". Жаңаөзенде баланы ит талап, тұрғындар наразылыққа шықты
Жаңаөзенде төрт жасар баланы ит талап тастады. Қазір науқас дәрігерлердің бақылауында. Осы жағдайдан кейін Жаңаөзен тұрғындары жаппай наразылыққа шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның хабарлауынша, Рахат ауылының тұрғыны Хамза Ибрахим қазір облыстық ауруханада жатыр. Иесіз ит оның бетін жарақаттап, денесінен тістеген. Дәрігерлердің сөзінше, қазір баланың жырылған жерлері тігілген, жағдайы орташа.
"Баланың жағдайы жарақатына байланысты орташа ауыр. Оң жақ көз айналысында, оң жақ бет ауыз айналысында тігілген жаралары бар. Алғашқы көмек Жаңаөзенде көрсетілген. Негізгі емдеуі сметавакцина салынып, сосын бет, қол, аяқ саусақтары жарақаттанған кезде, ит тістеген сәтте иммуноглобулин салынады", - деді Маңғыстау облысы балалар ауруханасының дәрігері Манасбай Иниятов.
Итке таланған бала ауруханада әлі бір апта жатады. Одан кейін амбулаторлық емдеуге жіберіледі.
Осыған дейін Жаңаөзенде тағы бір ересек тұрғынды көшеде ит талап, басын тістелеп тастаған. Қазір ол да ауруханада емделіп жатыр. Қала тұрғындары осындай жағдайлардың жиілеуіне қала тұрғындары алаңдап отыр. Олар иесіз иттердің көзін құртуды талап етіп, әкімдікке жиналды. Себебі жиналғандар көшеде жалғыз жүруден қорқып қалдық деп отыр. Кейінгі уақытта иттен қорғану үшін сойыл ұстап жүретін болған.
"Балаларды талау басталды деп айтуға болады. Қой баққан қойшыдай қалада жүргендер қолына таяқ ұстап жүр. Қалада ерсі көрініс. Балалар өз ауласы түгілі, көшеде жүруді, одан қалды мектепке барудан қалып отыр. Ит атуға болмайды деген заңды шығарып отырған үлкен басшылар, біз, Жаңаөзен халқы, еріктілері бар, жай халқы бар, өзіміз қолымызға мылтық алып, ит атуға шығамыз!", - дейді Жаңаөзен тұрғыны Амангүл Жұмағазиева.
Жаңаөзендіктер "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңның күшін жоюды талап етіп отыр. Өйткені соның кесірінен қалада иесіз иттер қаптап кеткен көрінеді. Соның салдарынан ата-аналар "Баламызды мектепке жалғыз жіберуге қорқамыз" дейді.
Былтыр Жаңаөзенде 210 адамды ит талаған. Ал жыл басынан бері 64 тұрғынды қапқан.
"2022 жылдың қортындысы бойынша 1 115 ит ауланса, бүгінде 1 181 ит ауладық. Бұл шараның барлығы жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға сәйкес жүзеге асырылып жатыр, яғни адамның қауіпсіздігіне қауіп төндірген жағдайда ғана тұрғындардың өтініші негізінде жүзеге асырылады. Панажай мәселесі бойынша 2022 жылы Жаңаөзен кәсіпкеріне бір гектар жер бөлдік", - дейді Жаңаөзен кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Расул Әбішев.
Жаңаөзенде иесіз ит-мысыққа арналған орынның құрылысы енді басталған. Оны кәсіпкер өз қаржысына салады. Нысан жыл аяғына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан