"Баламнан әрең ажыратып алдым". Атыраулықтар көше кезген бұралқы ит көбейгеніне наразы

"Баламнан әрең ажыратып алдым". Атыраулықтар көше кезген бұралқы ит көбейгеніне наразы
Фото: Tengrinews

Көше кезген қаңғыбас иттерден қиындық көрген атыраулықтар наразылығын жеткізді. Олар итті қорғаған заң адамды қорғамайтынын айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бек Болатұлы - қабаған иттен зардап шеккендердің бірі. Атырау қаласы маңындағы Ақсай ауылында тұратын ол біраз уақыт бұрын көшеде ойнап жүрген баласын ит талағанын айтады.

"Менің балама даладағы емес, ауласында бос жүрген қабаған ит шабуылдады. Үйінің маңынан өтіп бара жатқан ұлыма тап берген ит баланың үстіне жатып алып, тістеп жатты. Аяқкиімімді шешіп алып, лақтырып, итті әрең ажыратып алдым. Баламның кеуде тұсында иттің салған тыртығы әлі тұр. Оқиғаның өткеніне екі жылдай уақыт болса да, баламның бойында итке деген қорқыныш сақталып қалды. Көше кезген қаңғыбас иттерден қаланы тазарту керек", - дейді ​ Бек Болатұлы.

Тұрғындар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар керек екенін айтып отыр.

Атырау қалалық әкімдігі мәліметінше, 2020 жылға дейін Атырауда қаңғыбас иттерді атумен жеке кәсіпкерлер айналысып келген. Кейін бұл миссия Атыраудағы қалалық ветеринария бөліміне тапсырылған. Көше кезген иттерді атуға волонтерлер қарсы шыққаннан кейін қазір иттер тек ауланады.

Мамандар ауланған иттерді кастрация жасап, құлағына сырға салып, құтыруға қарсы екпе салғаннан кейін аулаған жерге қайта апарып тастайды. 

Айта кетейік, ақпанда Атырауда 8 жастағы баланы бұралқы ит талап тастаған болатын. Көптеген дене жарақатымен ауыр халде ауруханаға түскен балаға шұғыл ота жасалған еді. Бүгінде ауруханадан шығарылған балаға кезең-кезеңімен жасалатын мамандар көмегі керек.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова