Қарағандыдағы Ғабиден Мұстафинге қойылған ескерткіш адам көргісіз күйде тұр

Қарағандыдағы Ғабиден Мұстафинге қойылған ескерткіш адам көргісіз күйде тұр

Қарағандылықтар Ғабиден Мұстафинге арнап қойылған мүсіннің қазіргі күйіне шағым айтты. Сондай-ақ қаладағы Жамбыл Жабаевтың мүсіні орнатылған алаң да жаға ұстатарлық күйде екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақтың көрнекті жазушысы Ғабиден Мұстафиннің мүсіні оның туғанына 100 жыл толуына орай қойылып, есімімен аталатын көшеге орнатылды. Ол бірнеше жыл бұрын алаңның басты сәніне айналған еді. Бірақ ескерткіштің қазіргі жағдайы қарағандылықтарды қатты алаңдатады.

"Қаланың орталығында орналасқан ескерткіштің жағдайы өте нашар. Жедел арада жөнге келтірмесе болмайды. Ұят емес пе?  Қала тұрғыны болмасам да, ескерткіштің жай-күйіне бейжай қарай алмадым. Қала билігі қайда қарап отыр?", - дейді қала қонағы Ермек.

Ал қала орталығының Жамбыл көшесіндегі тағы бір алаң және осында орнатылған Жамбыл Жабаев мүсінінің жағдайы да қазір мәз емес көрінеді.

Биыл қыста коммуналдық қызметтер бұл алаңда әдеттегіден көп тазалық жұмыстарын жүргізді. Қар қалың жауып, оны күректермен және тіпті шағын көлемді техникамен жинау қиынға соққанда үлкен тракторлар іске қосылды. Көктемде бұл жұмыстың салдарынан жиектастар айтарлық қирағаны байқалды. Әкімдік тексеру жұмыстарын жүргізгеннен кейін ауыр техникалардың жиектастардың бұзылуына себеп болғанын мәлімдеді. Мүсін ретке келтіріледі.

"Кеше аталған мекенжайға біздің жауапты маманымыз барып, ақаулы акт жасалды. Жөндеу, қалыпқа келтіру жұмыстары бағдарламасы аясында барлық қажетті шаралар жүргізіледі. Кемшіліктерді жойып, ескілерін жаңасына ауыстырамыз. Жамбыл Жабаев ескерткішінің алдыңғы бөлігін бояу жұмыстары жасалады. Жалпы, аумақ абаттандырылады. Жұмыстар мамыр-маусым айларына жоспарланған", - дейді Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің жоспарлау және абаттандыру бөлімінің басшысы Нариман Иткарин.

Ғабиден Мұстафиннің мүсінін жөндеу тендер аяқталып, мердігері анықталған соң басталмақ. Ал алаңның өзіне биыл күрделі жаңарту жұмыстары жоспарланбаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан