- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Алғашқы табысым -...
"Алғашқы табысым - 500 мың теңге". Кореядағы қазақ қызымен сұхбат
Оңтүстік Корея республикасына жұмыс істеуге кеткен отандастарымыздың шет елдегі хал-ахуалы қандай? Шекарада қашып, ұсталған екі жігіттің оқиғасы сол жақта жұмыс істеп жүрген басқа азаматтарға қалай әсер етті? Massaget.kz тілшісі Корея елінде бес жылдан астам уақыт нәпақа тауып жүрген қазақ қызымен сұхбаттасты.
Алматы қаласының тумасы Қыдырбаева Сабина Кудяровна 2018 жылы Корей Республикасына жұмыс істеуге барған. Ол уақытта ешқандай виза талап етілмегенін айтады.
"Мен өзім 2018 жылы маусымда Кореяға келдім. Сол жылдары К-ЕТА тапсыру (Кореяның саяхатқа электронды рұқсаты), арнайы құжат жинау болмады. Тек бекеттен өткен кезде құжаттарымды тексерді. Елде жүргенде ешқандай жұмыс іздеген жоқпын. Осы жақта бізді қазақ бауырларымыз күтіп алып, жұмысқа орналастырды" , - дейді Сабина Қыдырбаева.
Кореядағы алғашқы табысым 500 мың теңге
Кореяның (Gwangju) Кванджу қаласында тұратын ол қазір көлік шығаратын зауытта қызмет атқарады.
"Менің ең бірінші жұмысым тамақ ішетін орындарда ыдыс-аяқ жуу болды. Ол кездегі табысым айына 1 миллион 500 мың вон яғни 500 мың теңге болатын. Кейіннен қонақүйде жұмыс істедім. Сосын тіл үйреніп, зауытқа жұмысқа орналастым. Қазір көлік шығаратын зауытта жарықшамдар (фара – еск.) шығарамыз. Жұмыс уақыты таңғы 08:00- ден кешкі 20:00- ге дейін. Түскі және кешкі үзілісті есептегенде 10,5 сағат жұмыс істейміз. Қазіргі айлығым 1 миллион теңгеден жоғары", - дейді ол.
Жұмысшыларға ерекше жағдай жасалған
"Бұл елде жұмыс берушілер жол ақысымен, түскі және кешкі аспен қамтамасыз етеді. Ал дәмхана немесе қонақүйлерде жұмыс істесеңіз онда арнайы пәтер беріледі. Жалға берілетін үйлер, коммуналдық қызметті қосқанда айына 134 мың теңге шығады", - дейді Кореядағы қазақ қызы.
Бұл жағдай Кореядағы қазақтарға да әсер етті
"Кореяда жүрген қазақтардың саны өте көп. Бірақ 80%-ы осында жұмыс үшін келген. Тіпті отбасымен келіп, осы жерде визаға тапсырып, балаларын корей мектептерінде оқытып жүргендер бар. "Екі азамат бекеттен қашып кетті", деген жаңалықтан соң корей халқының бізге деген көзқарастары өзгерді. Оларға жұрт террорист ретінде қарайды сондықтан қазақ азаматтарын жұмыс орнынан шығарып жібергендер де болды", - дейді ол.
Елге қайтпаудың басты себебі – ақша
"Қазақстанда жалақы 200-300 мың теңге одан көп жұмысшыға төлемейді. Біз мына жақта жақсы айлық аламыз. Сол себепті елге қайтқымыз жоқ. Корея бізді өзінің айлығы және қауіпсіздігімен баурап алды", - дейді Сабина.
Ұлттық тағамды сағынсақ, өзбек асханасына барамыз
Соңғы бес жылын өзге елде өткізген Сабина Кудяровна елді сағынғанын айтады. Дегенмен туған жерге оралу әлі жоспарында жоқ.
Ұлттық асымызды сағынсақ Өзбекстан азаматтарының ашып қойған арнайы тамақтанатын орындарына барамыз - дейді ол.
Одан өзге Кореядағы ел азаматтары мереке күндері бас қосып, арнайы кеш өткізіп тұрады екен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Ерболұлы