- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ӨКМ Операторы бойынша...
ӨКМ Операторы бойынша қылмыстық іс: адвокаттар Әлия Назарбаевадан да жауап алуды сұрады
Астанада 6 сәуірде "ӨКМ Операторының" қылмыстық талқылауы бойынша алдын ала тыңдалым басталды. Айыпталушылардың адвокаттары осы іс бойынша Әлия Назарбаевадан жауап алуды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Алдын ала тыңдалым Байқоңыр ауданының №2 сотында өтіп жатыр. Айып тағылғандар қатарында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұрынғы вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек және "ӨКМ Операторының" экс-бас директоры, Украина азаматы Светлана Коротенко бар. Олар "ӨКМ Операторы" ЖШС-де миллиардтаған ұрлық жасады деп айыпталып отыр.
Алдын ала тыңдалым кезінде адвокат Коротенко қосымша тергеу үшін қылмыстық істі қайтару туралы өтініш білдірді.
"Менің қорғаушым 2016 жылғы 18 мамырдан 2019 жылғы 18 қарашаға дейін "ӨКМ Операторының" бас директоры бола отырып, қылмыстық жоспар құрып, Экология министрлігі мен "ӨКМ Операторының" қызметкерлерін қатыстырып, олардың арасында қылмыстық рольдерді бөліп, сөз байласып, ақшаны ысырап етті деген күдікке ілінді. (...) "ӨКМ Операторы" ЖШС 2015 жылғы 23 қарашада жалғыз қатысушы - Әлия Назарбаеваның шешімі бойынша құрылды, ол да құрылтайшы болды.
Қорғаушы тарап айыптау органы 2016-2019 жылдар аралығындағы кезеңдегі ӨКМ құжаттамасын, құрылтайшылардың, соның ішінде Назарбаеваның шешімін қасақана талап етпеді деп санайды. Ал іс материалында маңызды құжаттар болмауы қорғаушымның іс-әрекетін құқықтық бағалауға әсер етті", - деді адвокат Коротенко.
17 қазандағы алдын ала тыңдалым кезінде Коротенко "қаражатты жұмсау туралы шешім қабылдаған серіктестіктің құрылтайшысы Назарбаеваны" қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында "қосымша тергеу үшін қылмыстық істі қайтару туралы" өтініш білдірген.
"Назарбаеваға осы іс бойынша алып қойылған зауыт тиесілі. Ол заңсыз ақшаға салынғандықтан тәркіленуі мүмкін. Ол (Назарбаева - еск.) біздің іс бойынша ешқандай жағдайда, ешқандай мәртебеде қаралып жатқан жоқ. Біз одан бірнеше рет жауап алуды сұрадық. (...) Оның мүлкі қамауға алынды ғой", - деді адвокат.
Еске салайық, былтыр 1 сәуірде 13 миллиард теңгеден аса ақша жымқырды деген күдікпен "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің бұрынғы басқарушы директоры ұсталған болатын.
Антикор мәліметінше, қылмыстық іс-әрекеттер 2016-2019 жылдар кезеңінде "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің басқа қызметкерлерімен бірлесіп жасалған.
Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды. Оның іс-әрекеттеріне қорытынды құқықтық баға сот арқылы беріледі. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етілмейтіні белгілі болды.
Ал 2022 жылғы 28 қаңтарда экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ Операторы" ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев мамандандырылған ауданаралық тергеу соты санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова