"15 күндей уақыт кетеді". ШҚО тұрғыны ерекше екіжақты домбыра жасайды

"15 күндей уақыт кетеді". ШҚО тұрғыны ерекше екіжақты домбыра жасайды

Шығыс Қазақстан облысының тумасы Жанарбек Қазезұлы ұлттық өнерді ұлықтап, киелі аспап жасауды кәсіпке айналдырған. Бірақ оның ерекшелігі де жоқ емес. Шебер екіжақты домбыралар жасайды. Жанарбектің мектепте оқитын ұлы да әке жолын қуған. Ол да домбыра жасаумен айналысады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұлан (бұрынғы Шымқора - еск.) ауылының жұрты бұл азамат жөнінде "сөзінен ісі басым, әркез жұмыстың ретін тауып кететін жан" екенін айтады. Жанарбек Қазезұлы осыдан 12 жыл бұрын Қытай Халық Республикасының Алтай аймағынан келген. Домбыра жасауды да сол жақта бастапты. Бірақ атажұртына келгенде азаматтық ала алмай бес жылдай жүрген.

"Сол уақыт аралығында бір істің шетін шығарып, шаруамызды иіріп әкетудің сәті түспеді. Десе де Алтай өңірінде бес жылдай домбыра жасағаным бар, үйреншікті кәсібімді осы жақта жалғастыра бастадым. Санап көрсем, домбыра жасап жүргеніме он бес жылға жуықтапты", - деді ол.

Ұландық шебердің домбыралары қайың және үйеңкі ағаштарынан дайындалады. Ол үйеңкінің өзгелерден гөрі анағұрлым берік ағаш екенін жеткізді. Ұлттық аспапты жасау барысында қолға жұмсақ келеді әрі жарылмайды. ШҚО тұрғыны ата-бабамыз кезінде астауды ағаштың осы түрінен жасағанын айтады. Оған қоса үйеңкіден әзірленген домбыраның үні жұмсақ, ал қайыңдыкі күмбірлеп (қатты) шығатын көрінеді. Домбыраның бетін самырсыннан дайындайды. 

"Бірде домбыраны қайыңнан жасап көруге бел будым. Егер өз деңгейінде кептіремін десеңіз екі жылдай уақыт кетеді. Соншама уақыт күтіп барып іске кіріссеңіз онда еңбегіңіз ақтала түспек. Бұл ағаштың бойында май болады. Одан арылмай домбырадан әуезді үн есту екіталай. Ал біз оны жұқа етіп тіліп алып, суға қайнатқан соң майын шығарып жатамыз. Домбыраға сүйек қосады. Ал оны ағарту үшін алты-жеті рет қайнату қажет. Сонда сода қосқанда сүйектің бойындағы майы алынып, жұмсара қалады. Дегенмен мұндай сәтте кейбір шеберлер сырын сыртқа шығарғылары келмейді", - дейді ол.

Кейде тапсырыс берген домбыраның сапасына көңілі толмай, шеберді сынның астына алатын жандар кезігеді екен. Әйтсе де Жанарбек Қазезұлының тарапына ондай пікір айтылмаған. Қайта "домбыра үнінің әуезді шығуы беткі тақтайына байланысты. Кемі бес-алты жыл кепкен тақтай болса, домбыра да сәтті шығады" деуі шебердің жұртқа жасырары жоқ, ашықтығын байқатты.

"Ең қымбат деген домбыра 150 мың теңгеге бағаланды. 60 мың, 35 мың және 15 мыңға сатылды. Әдетте домбыраларды жасап, сатуға әзірлеп қоямын. Республиканың бірқатар түкпірінен іздеп келіп жатады. Сатып алушыларымыздың көпшілігі Зайсан өңірінен", - дейді шебер.

Жанарбек Қазезұлы - өңір бойынша тұңғыш болып екіжақты домбыра жасаған шебер. Мұндай ерекше әдісті бала күнінде көрші тұратын қариядан естіпті. Содан бүгінге дейін есте болған.

"Кәдімгі домбыраны бір аптада жасап бітсек, екіжақты домбыра 15 күндей уақытты алады. Жасалуы күрделі, өлшемнен қателеспеу керек. Осыған дейін біреуі сатылып кетті. Сұраныс жоғары деп айта алмаймын. Себебі шерту әдісі қиындау. Былай Наурыз мерекесіне, көрме-жиындарға апарып тұрамын", - деді ол.

Дизайнын әзірлеп, сыртын сырлап, лак жағып беретін жұбайы Әмина Құсманханның да еңбегін айта кеткен орынды. Шебердің Есіл есімді ұлы да әкесіне қолқанат. Жанарбек Қазезұлының айтуынша, ұлы қазір бір домбыраны жасап жатыр.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова