Астанада биыл алғаш рет үшем дүниеге келді

Астанада биыл алғаш рет үшем дүниеге келді
Фото: Астана әкімдігінің сайты

Астанада биыл алғаш рет үшем дүниеге келді. Астана әкімдігінің мәліметінше, жыл басынан бері 7 мыңнан астам сәби туған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үш баланы босанған әйел бірден көпбалалы жанұя қатарына қосылды. Әсел Шонтаева отбасымен былтыр тамызда Жамбыл облысы Қордай ауданынан астанаға көшіп барған. Үшемдердің екеуі – қыз, біреуі – ұл. Қала тұрғыны №3 көпбейінді қалалық аурухана дәрігерлеріне алғысын айтты.

Әсел Шонтаеваға Астана қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов құтты болсын айтып барды.

"Бала денсаулығы басты назарда әрі астанада жыл сайын тұрғындар саны, оның ішінде балалар қатары артып келе жатқандықтан, тағы да екі перинаталды орталық салу жоспарда тұрғанын айтқым келеді. Қазір үш бірдей перзентхана жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, кадрлардың кәсібилігін арттыруға ерекше көңіл бөлетініміз баршаңызға мәлім. Былтыр 800-ден астам маман жергілікті бюджет қаражатынан шетелде білім алып келді. Олардың арасында неонатолог, педиатр мамандары жетерлік", - деді басқарма басшысы.

Жыл сайын бұл ауруханада 8 мыңнан астам әйел медициналық көмек алады. Тәулігіне акушерлер 15-25 жүкті ананы қабылдайды. Астанада жылына 33 мыңнан астам сәби дүниеге келсе, оның ішінде эко күшінсіз үшем өмірге келуі сирек жағдай.

"Былтыр ана өлімі болған жоқ, нәресте шетінеп кеткен жағдай ең төмен дейгейде болды. Пациенттерімізге көрсетілетін қызмет сапасы үнемі бақылауда", - дейді бас дәрігер Жұлдыз Данбаева.

Сәния, Самира және Айсұлтанның денсаулығы қазір жақсы. Дәрігерлер сәбилерді үйіне шығуға дайындап жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан