Алматыда мопедист полиция қызметкерін қағып, қашып кетпек болған

Алматыда мопедист полиция қызметкерін қағып, қашып кетпек болған
Фото: polisia.kz

Алматыда мопедист полиция қызметкерін қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кетпек болған. Оқиға Құлжа трактінің бойында болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Патрульдік экипаж өздеріне берілген бағыт бойынша жүріп келе жатқан. Олар мопед мінген адамның тәртіп бұзғанын байқаған. Ол жылдамдықты асырып, бөлініс жолағы бойымен қарама-қарсы қозғалып келе жатты. Жүргізуші тәртіп сақшыларының тоқтау туралы заңды талаптарына мән бермеді: қозғалып келе жатқан бағытында полиция қызметкерін қағып кетіп, қашуға әрекеттенді", – деді Алматы полиция департаменті ЖПҚБ мамандандырылған батальон командирі Жәнібек Өскембаев.

Инспектор қолынан жарақат алған. Ал 39 жастағы қала тұрғынының көлік құралын басқаруға берілген құқығы жоқ болып шыққан, ол көлікті мас күйінде айдағаны үшін 2019 жылы сот шешімімен құқығынан айырылған екен.

Мопед жүргізушісі Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бабы бойынша, оның ішінде полиция қызметкерінің талаптарына бағынбай, оны қағып кеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан