Жамбылдық ғалымдар ұлттық сусын дайындауда жаңа технология жасап шығарды

Жамбылдық ғалымдар ұлттық сусын дайындауда жаңа технология жасап шығарды

Боза - дәнді дақылдардан ашытып жасалатын сусынның бірі. Оған сұраныс күз-көктем мезгілінде арта түседі. Өйткені көктемде таңғы уақытта ішсе, ағзаға қуат береді. Қазіргі энергетикалық сусындардан анағұрлым артық. Алайда күн жылыда бозаны сақтау қиынға соғады. Ұзақ сақталса, қызуын жоғалтады. Ал жамбылдық ғалымдар ұзағырақ сақталатын боза дайындау технологиясын жасапты. Massaget.kz тілшісі жоба авторымен тілдесіп, үйде жасалатын боза мен оның зертханалық үлгісінің айырмашылығы неде екенін сұрады.

Дулати университетінің "Наноинженерлік зерттеу әдістері" зертханасының аға ғылыми қызметкері, профессор Ерман Спандиярұлының айтуынша, зертханалық технологиямен жасалатын бозаның базардағыдан көп айырмашылығы бар екен.

"Біріншіден, біздің бозаның иісі жағымды. Базардағыдай тым ашқылтым емес, дәмді келеді. Екіншіден, нәрлілік құрамы жағынан анағұрлым денсаулыққа пайдалы. Егер боза ұзақ сақталса, ашып, қызуы қатты болмайды. Біз жасаған ашымық пен шалаптардың құрамы да сондай. Қуаты жоғары, нәрі мен дәмі жағымды", - деді профессор.

Кейінгі жылдары қазақтың ұлттық тағам өнімдерінің барлығы дерлік емдік-профилактикалық, диеталық, тағамдық және дәмдік қасиеттері бар екені дәлелденіп жатыр. Жамбылдық ғалымдар бұған ғылыми тұрғыда дәлел де келтіре алады. Олар ұлттық тағамдарды дайындап-сақтаудың жаңа технологиясын әзірлеп, негіздемесін жасаған.

"Дүкеннен сатып алған сүт пен айранның бәрі бірдей сіңімді, денсаулыққа пайдалы емес. Сіз оның сақталу мерзіміне мән беріп, қарап көрдіңіз бе? 14 күнге ғана жарамды дегенін сирек кездестіресіз. Ең аз дегенде 4-5 ай бұрын шығарылған. Ал ауылда кешке сиырдан сауып алған сүтті ең құрығанда бір апта сақтай аласыз ба? Жоқ, ол мүмкін емес. Осыған қарап-ақ дүкендегі ұзақ уақыт сақталатын өнімдерге қоспа қосылатыны айтпаса да түсінікті", - деп түсіндірді ғалым.

Маман бұл жоба бойынша қандай мәселе туындағанын айтты.

"Біздің ғалымдар ұлттық тағамдардың табиғи құрамын сақтай отырып, ұзақ уақыт сақтау технологиясын жасады. Қоспа емес, технологиясын өзгерттік. Жүргізілген зерттеулер нәтижесіне сүйеніп, өндіріске рецептуралар мен технологиялар дайындадық. Жобалар бар, ғалымдар үлкен ізденіс жасады, талай мәрте сынап та көрді. Ендігі мәселе - оны өндіріске енгізу", - дейді профессор.

А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова