Мыңнан астам адам жұмыссыз қалды: Бестөбеде халық ереуілдетіп жатыр

Мыңнан астам адам жұмыссыз қалды: Бестөбеде халық ереуілдетіп жатыр

Ақмола облысының Бестөбе кентінде мыңнан астам адам алтын өндіруші "Алтын Алмас" компаниясынан жұмыстан қысқартылатыны туралы хабарлама алды. Дереу облыс әкімі келіп халықтың жұмыс мәселесін шешуін талап еткен жұмысшылар тәуліктен астам уақыт бойы ереуілдетіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Халық жер асты өндірісіндегі ауыр жағдайға биліктің назар аударуын әрі жаңа инвестор келуін талап етіп отыр. Бұған дейін кен шахтасы суға толып кеткен. Салдарынан мыңдаған отбасына нәпақасыз қалу қаупі төнді.
29 наурыз күні су толған шахтаның маңына жиналған жұмысшылар ұжымдық түрде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бейнеүндеу жолдады. Кешеден бері мыңнан астам жұмысшы қалалық мәдениет үйінің ғимаратында қонып шықты.

"Бізбен бірге қала әкімі мен облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов та болды. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа арнайы хат жаздық. Халық соңына дейін тұруға бекініп отыр. Көп адамдар хабарлама алғаннан кейін ауыр жағдайға ұшырап, науқастанып қалды. Қазіргі уақытқа дейін халық қалалық мәдениет үйінде тосып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шарханның келуін күтіп отырмыз. Оң нәтиже шығарғанша осында болмақпыз", - дейді Бестөбе кентінің белсенді тұрғыны Николай Катчиев.


Жиналғандар бұрынғы инвестордың кетуін, суға толып кеткен шахтаның іске қосылуын, кенді жер астынан қазып алу әдісімен өндіруді талап ететінін жеткізді. Халық мұнымен қоса жұмыс берушінің қысқартылу туралы лицензияны кері қайтаруын және жаңа инвестор келгенде жұмыссыз қалмау мәселесін шешуді сұрайды.
Бұған дейін тұрғындар "Алтын Алмас" компаниясынан, жергілікті атқарушы органдарға қаны шығып тұрған жағдайды қалпына келтіруін сұраған. Бестөбедегі жобаны қабылдап алуға "Сей Нар" компаниялар тобы қызығушылығын танытты. Осы компаниялар тобына кіретін "Алтын Қазына" ЖШС-нің басшысы Ерлан Қабылденов шешім қабылдау үшін өндіріс орнының геологиясы мен кен орнында қанша алтын қоры барын білуі тиіс екенін жеткізді. Ал оған дейін компанияда аудиторлық тексеріс өткізілмек.
Тұрғындар аудиттен кейін кен орнының басқа компанияға сатылар-сатылмасын, 1200 жұмысшының қайтадан қаншасы жұмысқа қабылданатынын сұрады. Бірақ компания басшысының жауабы жұмысшылардың көңілінен шығарлық болмады.

"Мерзімді түсіну керек. 1200 адамды бір мезетте штатқа жұмысқа алу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жобаның келешегі, лицензия алу мерзімі мен бұрынғы өндіріс иесінің қолда бар мүлкі мен қандай да бір келісімдерді білмей ешқандай уәде бере алмаймын. Егер индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бізге тапсыруды қиындықсыз жылдам жүзеге асуына көмектессе дұрыс болар еді. Сондай-ақ бізге қандай жабдықтар берілетінін білу қажет. Қазір Украинадан сатып алу аса қиын. Ресейден де дәл сондай жағдай. Мұндай қосалқы мәселелер де назардан тыс қалмауы тиіс. Жабдықтар жарты жыл бір жерде тұруы мүмкін. Тіпті бір жылға созылуы да ғажап емес. Сонда біз бұл жобаға неге кіруіміз керек", - дейді Ерлан Қабылденов.


Компания егер индустрия және инновациялық даму министрлігі "Алтын Алмас" акционерлік қоғамы құжаттарды аудит үшін тезірек ұсынуға ықпал еткен жағдайда үш ай ішінде жағдайды анықтап, шахтадағы суды соруға кірісетінін мәлімдеді. Компания кенді бұрынғысынша шахталық әдіспен өндіруді жалғастырмақ.
Ал "Алтын Алмас" акционерлік қоғамының бас директоры Рүстем Қаракесов компанияның жұмысшыларға таратқан қысқартылу туралы хабарламасын кері қайтармайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге ол жаңа инвесторға Бестөбе кен орнын қайта рәсімдеуді жылдамдатуға уәдесін берді.
Жиын барысында облыс әкімдігі де бестөбеліктерге мәселені шешуге ықпал ететінін жеткізді.


"Мен облыс әкімі Ермек Боранбайұлына бәрін жеткізетін боламын. Біз "Алтын Алмас" компаниясы басшылығына аудит мерзімінде халықты жұмыстан босатпауын өтінеміз", - деді облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов.


Билік өкілдері халықтан дүйсенбіге дейін күтуді сұрағанымен халық ғимараттан шығудан бас тартып отыр.

"Біз сіздерді екі жылдан бері күттік. Сіздер құрғақ уәдемен бізді әбден тойдырдыңыздар. Ақыры міне 1200 адам жұмыстан босатылмақ", - деді ашынған Бестөбелік тұрғындар.


Жиналған халық арасынан тұрғындардың бірі Үкімет басшысының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Роман Склярға арнайы жазылған өтінішті оқып шықты. Онда халық Үкімет басшысының орынбасарын дереу Бестөбе кентіне келуін талап еткен.

"Құрметті Роман Васильевич, 14 ақпан күні Президент Степногорск қаласына келгенде Сізге шұғыл арада Бестөбе кентіндегі жағдайды шешуге нақты тапсырма берілген. Қазіргі сәтте "Қазақалтын" және "Алтын Алмас" акционерлік қоғамы Бестөбе кентіндегі барлық 1200 жұмысшыға штаттан қысқарту туралы хабарлама таратты. Қалыптасқан жағдайға байланысты жұмысшылар мен кент тұрғындары "Рауан" мәдениет үйіне жиналып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы сізге осы тапсырманы жүктегендіктен Сізден біздің кентке арнайы келіп аталған мәселені шешуді өтініп сұраймыз. Сіз компаниямен қалыптасқан жағдайды шешу үшін Бестөбе кентіне келмейінше кент тұрғындары мен кеншілер "Рауан" мәдениет үйінің ғимаратынан шықпайды. Сіздің келуіңіз Қазақстан Республикасы халқының конституциялық құқығының қорғалуының кепілі болып табылатын мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуын білдірмек, - делінген аталған халық талабында.


Қазіргі уақытта халық әлі де болса мәдениет үйінде Роман Склярды күтуде.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы