Тізеге дейін батпақ кешеміз: Жібек жолында көліктер батпаққа батып жатыр

Тізеге дейін батпақ кешеміз: Жібек жолында көліктер батпаққа батып жатыр

Елорданың тап іргесінде тұрған Жібек жолы кенті қарапайым инфрақұрылымдардың жоқтығынан жылдар бойы жапа шегіп келеді. Әсіресе жол мәселесі тұрғындарды қатты қинап тұр. Былтыр ойлы-шұңқыр болып қазылып тасталған жолдардан батпаққа батып қалған тұрғындар көліктерін көшеге тастап кетуге мәжбүр болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауылдың 7 шағынауданында былтыр тұтас көше бойын қазып, су құбыры тартылған. Бірақ құбыр тартылғанымен мердігер істі аяқсыз қалдырып, қазылған жолдарды сол күйі тастап кеткен. Қар еріген соң жол батпаққа айналып, тұрғындар жүруден қалған. Қариялар мен балалар жолдан мүлде жүре алмай қалса, тұрғындардың көбі сазға батқан автокөліктерін жол үстіне қалдырып кеткен.

"Мен дәл осы 7 шағынауданда тұрамын. Көршіміздің көлігі жолдың дәл ортасында батып қалып сол күйі көшеде әлі тұр. Отағасы сол көлігімен отбасын асырайды. Үйіндегі жалғыз асыраушы да - сол. Мұнда көпбалалы отбасылар өте көп. Балаларды балабақшаға, мектеп пен үйірмелерге жіберу мұңға айналды. Тізеге дейін ми батпақты кешіп жүрміз. Қашан өркениетті өмір сүреміз? Кәдімгі тоқсаныншы жылдарға қайта оралғандаймыз. Жол да, жарық та жоқ. Жарық үшін ақы ай сайын өсіп жатыр. Жаяулар көпірі құлағалы тұр. Адамдардың төзімі әбден таусылды. Билік басындағылардың уәдесіне әбден тойдық", - дейді Венера Алиакперова есімді Жібек жолы тұрғыны.

 

Тұрғындар тіпті осыдан үш жыл бұрын биліктен күдер үзіп, жолды өз күштерімен жөндегендерін де жеткізді. Бірақ тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармады. Жөнделген жолды су құбырын тартамын деп келген мердігер жолдың талқанын шығарып, қазып кеткен.


"Осыдан үш жыл бұрын біз тұрғындар жиналып, өз қаражатымызға жолымызды жөндеттік. Ал өткен жылы "Байсын" жеке кәсіпкер келіп барлық жолымызды тас-талқан етті. Құбырларды қалай болса солай төсей салып, құдықтар ашық күйі қалды. Енді біздің жолымыз ми батпақ болып жатыр. Күйеуімнің көлігі батпаққа батып, жұмысқа шыға алмай қалды. Тым құрығанда жолға қиыршық тас төсеп амалдауын сұраймыз. Балаларымыз мектепке қалай жетпек", - дейді Әсем Сексенбаева есімді Жібек жолы тұрғыны.


Тұрғындар ащы жанайқайын айтып шырылдағанымен аудан әкімдігіне қарасты сәулет және қала құрылысы бөлімі жобаны жүзеге асырып, енді бастап жатқанын жеткізді.

"Аршалы аудандық сәулет және құрылысы бөлімімен Жібек жолы ауылының 1, 2, 3, 4, 6, 7, 8 шағынаудандарында жол-көше желісінің құрылысы" жобасы жасалған. Аталған жобаны жүзеге асырушы "АБК Автодор НС" ЖШС болып табылады. 2023 жылдың басынан бері 6, 7, 8 шағынаудандарға төсеуге тиісті болған 140 мың текше құм мен инертті материалдар 7 шағынауданға жеткізілді. Жұмыстар аталған учаскеде бекітілген кестеге сәйкес басталатын болады", - дейді Аршалы ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінен.


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы