Жамбыл облысында тұрғын ауыл әкімін жұмыс орнында пышақтап кеткен

Жамбыл облысында тұрғын ауыл әкімін жұмыс орнында пышақтап кеткен
Фото: elements.envato.com

Жамбыл облысында ауыл әкімін жұмыс орнында пышақтап кетті. 42 жастағы тұрғын ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жамбыл облысы полиция департаментінің хабарлауынша, 2023 жылғы 24 наурызда Меркі ауданының полиция бөліміне Ойтал ауылдық округі әкімін жұмыс орнында белгісіз ер адам пышақтап, ауруханаға жеткізілді деген хабар түскен. 

Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігімен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Аудандық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 42 жастағы жергілікті тұрғын анықталып, ұсталған.

"Медициналық сараптама нәтижелері бойынша ұсталған азаматтың алкогольдік және есірткілік мас күйінде болғаны анықталды. Сонымен қатар, 2013 жылға дейін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығында "Шизофрения - Ф-20" диагнозымен есепте тұрғаны белгілі болды. Оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, ҚПК-нің 131-бабының талаптарына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды", - делінген хабарламада.

Бірқатар қажетті сараптама тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан