"Жүзі нұрлы екен". Мұқағалидың көзін көрген қария Желі қолданушыларын сүйсінтті

"Жүзі нұрлы екен". Мұқағалидың көзін көрген қария Желі қолданушыларын сүйсінтті
Фото: Ернар Алмабек

Фотограф Ернар Алмабек Мұқағалидың көзін көрген қария Ауған атамен сұхбаттасып, ақын туралы естелігін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Фотографтың сөзінше, ер аралап жүріп, адамдармен сұхбаттасу - сүйікті ісі. Кезекті бір сапар кезінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың көзін көрген қариямен сұхбаттасудың сәті туыпты.

"Неше түрлі кейіпкер кезіктіресің. Қазсаң, әркімнің өз айтары бар. Кейде таңғалдырады. Қошқар ауылына барғанымда сондағы жігіттер Ауған атаға ертіп барды. Мұқағали Мақатаевтың көзін көрген екен. Бірге аңға шығыпты. Сол жайлы біраз әңгімелестік. Кадр сыртында небір қызықтар айтылды. Таспалап үлгерген сәтімді назарларыңызға ұсынамын", - дейді фотограф.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Yernar Almabek (@yernar.almabek)

Ауған ата Мұқағали Мақатаев үйінде бірнеше рет қонақ болғанын айтты. 

"65 пе, 66-ларда келді. Онда малдамын. Енді сонда ойлаймын, жиырманың ішіндегі кезіміз. Көп ескермедік қой ондайды. Әкем бар, шешем бар кез. Шашы сол желкесінен түскен салбырап. Жеңіл киініп келген. Содан әкемнің көк шекпені бар еді. Күн жауын болып, бір күн үйден шықпай қалдық. Күн ашылғанда ұларға шықтық. Ұлар көп болатын өзі. "Жұлдыз" журналына жазыпты менің әйелімді. "Аршалының ақ келіні" деп. Сондай-сондай әңгімелерін айтып, екі-үш күн жатып... Кейін 70-жылдардың ішінде бір келді. Онда Шибұтта едік. Сол Шибұтта отырғанда келіп, сол жерде бір қонып қана кетті", - дейді видеодағы қария.

Желі қолданушылары қарияның өнегелі әңгімесін тыңдап, оған ұзақ ғұмыр тілесе, ал осындай әдемі, жүрекке жылы көріністі көрсеткен фотографқа алғыс білдірген.

"Атамыздың жүзі нұрлы екен, өмірі ұзақ болсын!", "Керемет! Осындай рубрикаңыз ұнайды", "Осындай сақалы өзіне жарасып тұратын, сөзінде мағынасы бар аталарды көрмей қалдық. Керемет", "Осындай көне көздерімізді көрген атамыз аман-болсын! Денсаулығы мықты болып атамыз аман есен жүре берсін!!!", "Аман болсын атамыз", - дейді пікір жазғандар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова