"Тарс етіп құлады". Ақмола облысында 800 миллионға салынған жылу құбырлары қирап қалды

"Тарс етіп құлады". Ақмола облысында 800 миллионға салынған жылу құбырлары қирап қалды
Фото: КТК

Ақмола облысындағы Зеренді кентінде жаңа жылу құбырлары қирап қалды. Темір бағандармен үш метр биікке орнатылған магистраль жылу маусымы аяқталмай жатып істен шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, модуль жылу қазандығы аудан орталығына былтыр 800 миллион теңгеге салынған. 

"Ой, тарс етіп құлады. Бәрі шошып, үйінен атып-атып шықты. Дәл осы уақытта көшеде жалғыз келе жатқанмын. Мынау үстіме құлағанда не болар еді?! Жел де жоқ, тып-тыныш. Жаңа құбырды дұрыс орнатпаған болар. Әйтпесе құлай ма?!" - дейді ауыл тұрғыны Андрей Светличный. 

32 темір бағанға орнатылған ұзындығы 200 метрден асатын темір құбыр жалп етіп құлағанда, кей жері жарылып, ыстық су атқылаған. Зерендіні жылумен қамтитын орталық жүйе былтыр ғана пайдалануға берілген. Енді маусым аяқталмай жатып, 500-ге жуық абонент жылусыз қалды. Оның ішінде аудандық аурухана, үш балабақша мен екі мектеп бар. Енді мына құлаған құбырларды қостанайлық мердігер компания келісімшарт талабына сай қайта қалпына келтіруге тиіс дейді әкімдіктегілер. Оның үстіне, олар өзара соттасып жатыр.

"Бұл компаниямен қазір соттасып жатырмыз. Сапасы төмен, мына құрған қазандықтары, сол жылу жүйелері сапасы төмен, біз сотқа шағымданған болатынбыз. Қазір себебін анықтап жатырмыз. Әлі де анық түк те айта алмаймыз. Қазір орталық қазандықты қосып жатырмыз. Кешке таман үйлерге жылу беріледі", - дейді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Есімхан Байғабылов. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина