- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Халық бір түнде...
"Халық бір түнде оянбай қалуы мүмкін". Атырауда экология нашарлап бара жатыр
Атырауда журналистер экология нашарлауына байланысты ереуілге шығуға ниеттеніп отыр. Бұл туралы тәуелсіз журналист Лаура Сүлейменова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналистер дабыл қағуына Атыраудағы қолқаны қапқан сасық ауа себеп болып отыр. 28 наурызда атыраулықтар таң атысымен сасыған иіске шағымдана бастаған.
"Қызым терезені байқаусызда ашық қалдырған ғой. Ұйқыдан оянсам, үйдің ішін сасық иіс алып кеткен. Күкірттің қолқаны қапқан иісінен басым айналып, құсуға шақ қалдым. Мен астмаға шалдыққан адаммын. Бұл жағдай денсаулығыма кері әсерін тигізеді", - дейді Лаура.
Бүгін Лаура Сүлейменова, Нұргүл Хайрулинна бастаған журналистер Атырау облыстық экология департаментіне жүгінген.
"Хатта ауаны ластаушы көзді шұғыл арада анықтап, тұрғындарға қарсы жасалып жатқан қастандықты тоқтатуды талап еттік. Енді басқа да әріптестерімізбен бірлесіп, бейбіт ереуілге шықпақпыз. Біз - Атырау тұрғынымыз. Мұнда ата-анамыз, балаларымыз, отбасымыз тұрады. Біздің де таза ауада өмір сүруге құқығымыз бар", - дейді журналистер.
Атырау облысы экология департаменті өкілі жағдайды анықтау үшін арнайы топ квадрат булану алаңына аттанғанын мәлімдеді.
Ауаға тараған күкірт - Атырау халқының сан жылдан бері айтып келе жатқан проблемасы. Ауа сапасы нашарлауына байланысты Атырауда туберкулез, онкологиялық аурулар проблемасы өткір болып отыр.
Бұған дейін академик Муфтах Диаров та "Атырау халқы бір түнде оянбай қалуы мүмкін" екенін айтып, дабыл қаққан болатын. Бірақ құзырлы органдар ауаны ластап жатқан компанияларға айыппұл салғаннан әрі аса алмай отыр.
Ал атыраулықтар денсаулыққа келіп жатқан зиян үшін тұрғындарға өтемақы төленуі керек екенін айтып отыр. Экологтар ауаға таратылатын күкірттің соңы адам өліміне дейін алып келетінін мәлімдеді.
"Күкірт иісі адамның басын айналдырады. Жоғары концентрациядағы күкірт газын жұтқан кезде адам тұншығады. Мұндайда тіпті өкпе ісінуі мүмкін. Өрт шығатын болса, оны сөндіру қиын. Сондықтан күкірттің таралуын түбегейлі тоқтату керек", - дейді жергілікті экологтар.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова