Қымыз ішіп, көлік айдаса жүргізуші куәлігінен айырыла ма?

Қымыз ішіп, көлік айдаса жүргізуші куәлігінен айырыла ма?

Әдетте жол апатына түрлі себеп болып жатады. Оның ішінде көлікті мас күйде айдап жол апатын жасап жатқандар бар. Қазақтың ұлттық сусындарының бірі қымызда алкоголь бары белгілі. Қымызды ішіп, көлік тізгіндеген адам жазалануы мүмкін бе? Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне заңгер Думан Көпбаев түсіндіріп берді.  

Қымызда 0,5 мен 4,5 пайыз аралығында этил спирті болады. Заңгердің сөзінше, негізі 0,5-тен 1,5-ға дейін жеңіл мастық деп саналады екен.

"Ал 1,5-нан 2,5-ға дейін орта дәреже, ал 2,5-нан 3-ке дейін қатты масаю және 3-тен 5-ке дейін ауыр болып саналады. Қазақстанда әр жол полициясы қызметкерінде алкогольді есептейтін тестер болады. Сол тестерде 0,5-нан асатын болса куәландыру жүргізілуі мүмкін. Ал орта, қатты және ауыр деңгейде ұсталғандар көлік жүргізу құқығынан айырылады. Қымыздың да әсері бар. Сондықтан көлік айдар алдында қымыз ішпеген дұрыс", - дейді маман. 

"Ерекше қасиеті бар". Қымыз қыздыратыны рас па?

Думан Көпбаевтың сөзінше, спирт дәрі-дәрмектің де құрамында болуы мүмкін.

"Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабына сәйкес, мастық деңгейі анықталған жағдайда көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін. Оған қарсы ештеңе жасай алмаймыз. Мысалы Еуропа елдерінде промиль деңгейі 2-ден жоғары болса көлік жүргізу құқығынан айырылады. Қазақстандық заңда дәрі іштіңіз бе, қымыз іштіңіз бе - маңызды емес, қаныңыздан алкоголь табылса шара қолданылады", - дейді заңгер.

Қай өңірде, не себепті жол апаты көп болатыны анықталды

Тағы бір ескеретін маңызды дүние - жүргізушіні тоқтататын полицейлердің алкотесті Қазақстанда бекітілген болуы керек.

"Ал Қазақстанда бекітілген алкотест саны 10-нан аспайды. Ішімдік мөлшерін есептейтін тест сол тізімде болуы керек. Оны жүргізуші талап ете алады. Алкотест - мастық деңгейін тексерудің бірінші кезеңі ғана. Екінші кезең - полицей жүргізушіні толық куәландыру үшін наркологияға апарады. Яғни қанынан талдау алады. Сол кезде ғана жүргізуші кінәлі ме, жоқ па, спирт деңгейі қаншалық екені анықталады", - дейді Думан Көпбаев.  

Заңгер егер жүргізушінің қан құрамында алкоголь анықталса қандай жаза қолданылатынын түсіндірді.

"Егер жүргізушінің қан құрамында алкоголь анықталса 3 жылға дейін мерзімге жүргізу құқығынан айырылады. Жүргізуші мас болып, апаттық жағдайға себеп болса 4 жылға дейін мерзімге. Ал заң бұзу бір жылдың ішінде қайталанса 6 жылға жүргізу құқығынан айырылады", - деп түсіндірді маман. 

Айта кетейік, жүргізуші алкоголь сараптамасымен келіспесе әкімшілік сотқа және прокуратураға жүгіне алады.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина