Ертеде қазақ баланы не үшін "сатып алған"?

Ертеде қазақ баланы не үшін "сатып алған"?
Фото: Мелков А. Л. Балалар. Қазақстан, Семей облысы. 1927 жыл

Қазақ халқында балаға қатысты салт-жоралғылар өте көп. Оның ішінде, ертеде бала тоқтамай, шетіней берсе жасалған ырымдар бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бибізия Қалшабаева Massaget.kz тілшісіне ертеде бала тоқтатуға жасалған жоралғылар туралы түсіндіріп берді. 

Бибізия Қалшабаеваның сөзінше, бала шетіней берген жағдайда жасалатын жоралғы көп. 

"Мысалы жаңадан туған баланы иттің итаяғына шомылдыратын болған. Ол тіл-көзден сақтау мақсатында жасалған. Сонымен қатар, баланың кішкентай күнінде құлағын тесіп, иттің жүнінен жіп жасап, құлағына тағып қоятын. Аяғы ауыр келіншектің етегін тігіп қоятын. Бұл іштегі бала түсіп қалмауы үшін жасалған. Басымыздан өткен оқиға: әулетімізде ер балалар тұрмай, қыз балалар ғана қалғаннан кейін екі ағамыз өмірге келгенде түйенің кәрі жілігімен бірге шомылдырған болатын. Артынша кәрі жілікті ақ матаға орап, үйдің төріне іліп қойған. Оның мағынасы белгілі - түйе де қасиетті жануар және бала ғұмырлы болсын деген ниетпен жасалған", - дейді этнограф. 


Мелков А. Л. Отбасылық портрет. Қазақстан, Семей облысы. 1927 жыл

Балаға қатысты салт-дәстүрлер

Профессордың сөзінше, өмірге келген баланы аман қалудың тағы бір жолы - оны сату. Бұл "құл сату" ырымы деп аталады екен. 

"Бала өмірге келгеннен кейін, қырқынан шыққаннан кейін бесікке бөлейді. Әдетте баланы бесікке қадірлі, құрметті үлкен кісілерге салдырады. Бесікке бөлеген адам бесікке мініп, "құл сатамын" деп айғайлайды. Ондағы ой - 40 күнге дейін әйел мен бала әлсіз болады, сол кезеңде жын-шайтан, албастылардан сақтану үшін, соларды адастыру мақсатында жасалған. Бұл көбіне оңтүстік өңірлерде жасалатын ғұрып", - дейді Бибізия Қалшабаева. 


Мелков А. Л. Балалар. Қазақстан, Семей облысы. 1927 жыл

Этнограф баланы "сатып алудың" тағы бір түрі туралы айтты. 

"Ана босанған кезде сәбиді үйдің іргесіне шығарып, басқа бір адам алып кетеді. Екі-үш күннен кейін "сатып алдым" деп қайтадан алып келеді. Мұндай ырымды жасағаннан кейін расында бала шетінемеген, артынан көп бала өмірге келген. Оны дәлелдейтін деректер де жоқ емес", - деп түсіндірді маман.    

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина