Өскемендегі сырты сұрықсыз кітапхана тұрғындардың наразылығын туғызып отыр

Өскемендегі сырты сұрықсыз кітапхана тұрғындардың наразылығын туғызып отыр

Облыс орталығының бір түкпіріндегі рухани орданың жұпыны кейпі қала тұрғындарының наразылығын туғызып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жуырда фотограф Аяужан Утеулинованың түсірген суреті әлеуметтік желіде таралып, қызу  талқыланып кетті. Қаладағы шеткерірек Защита ықшам ауданында орын тепкен ғимаратты Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана қарамағында деп жазды кейбірі. Тақырып ел назарын аудара бастағанына қарай аталған рухани орданың Instagram желісіндегі парақшасы ақпаратпен бөлісті.

"Бұл ғимараттың екінші қабатындағы екі бөлмені кітапхана "Қазақстан саңыраулар қоғамы" қоғамдық бірлестігінің Өскемен оқу-өндірістік кәсіпорны мекемесінен жалға алып отыр", – делінген мәліметте.

Фотограф осы жақпен өтіп бара жатып, суретке кездейсоқ түсіргенін айтты. Кикбоксингтен бес дүркін әлем чемпионы Асқар Можанов "Шындығы осы" деп қысқа қайырды. 

Көп уақыт өтпей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин осыған ресми жауап берді. Оның сөзінше, бұл басқа мекемеге қарайды.

"Қала әкімдігінің "О.Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі" мекемесінің Өскемен аумағында 12 кітапхана бөлімшесі бар. Соның ішінде Защита ауданы, Косарев көшесі, 34 мекенжайында орналасқан №11 бөлімше. Бұл ғимарат қалалық кітапханаға тиесілі емес, "Қазақстан саңыраулар қоғамы" республикалық қоғамдық бірлестігінің меншігінде", – деп нақтылады бөлім басшысы.

Тұрғындар сұранысы бойынша аталған үйден жалға алынған орында кітапхана ашылып, бөлмелердің ішінде тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілгенін алға тартты.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы