Оқушыларға ораза ұстауға бола ма? Бас мүфти жауап берді

Оқушыларға ораза ұстауға бола ма? Бас мүфти жауап берді
Фото: pixabay.com

Оқушыларға ораза ұстауға бола ма? Бала ауыз бекітемін деп, әлсіреп немесе сабақ үлгерімі нашарласа ше? Бұл сұрақтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Qasqa Jol бағдарламасында оқушылардың ауыз бекітуіне қатысты пікірін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас мүфтидің айтуынша, бұл жерде әуелі шариғаттың талабы ескерілуі керек. Шариғатта балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, дені сау адамға ораза ұстау міндеттеледі.

"Алла тағала Құранда кімде-кім балиғат жасына толса, дені сау болып, сапарда болмаса, Рамазан айын көргенде ораза ұстасын деп әмір етеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде де ораза ұстауды бастаңдар делінеді. Бұл - нақты айтылған дүние. Ал енді балаларға келсек, балиғат жасына толмаса, шариғатымыз оларға ораза ұстауды міндеттемейді", - деді ол.

Наурызбай қажы Тағанұлының сөзінше, ораза ұстау, намаз оқу - біреуге көрсету үшін жасалатын құлшылық емес. Ол өзі де 10 жастан асқан кезде Рамазан айында ауыз бекіткенін айтты.

"Мен сияқты талай азамат жас кезінен ораза ұстаған шығар. Ол кезде тіпті ата-анам ораза ұстамаған, әжемізден үйрендік. Алғашқы күндері 3 күннен ұстадық, кейін 3 күн болмайды деді, кейін толық ұстауды үйрендік. Бір бала ораза ұстаса, оның денсаулығына қауіп болмаса немесе қиындықтар туындатпаса, ол баланы  "ораза ұстадың" деп жазалау да дұрыс емес шығар. Әлеуметтік желілерден де көрдім, бізге де "Бала әлсіреп, мектепте ұйықтап қалды" деп хабарласты. Егер бала әлсіреп қалса, сабағы дұрыс болмаса, балиғат жасына толмаса, әрине, баланың денсаулығына зиян тигізу дұрыс емес", - деді ол.

Cонымен бірге бас мүфти дінге қатысты Білім министрлігімен және білім басқармаларымен кездесу өткізіп, дәл осыны айтқан. 

"Еліміз білімге көп көңіл бөлуі керек. Біз жақында ғана тәуелсіздік алдық, 30 жылдан енді асып жатыр. Бізде орта білім тегін. Осыны пайдаланып, келешегіміз - жастарды білімге баулуымыз керек. Олардың білім алу жолын ашып, қолдап, көмектесуіміз керек. Неге? Өйткені білімді болсақ, біздің еліміздің руханияты да, экономикасы да, мәдениеті де өсіп-өнеді", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Muftyat.kz: Балиғат жасы ер балалар үшін 13 жас болса, қыз балалар үшін 10-11 жас аралығы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан