"Бауырсақ апа". 77 жастағы семейлік әже бауырсақтың 10 түрін пісіре алады

"Бауырсақ апа". 77 жастағы семейлік әже бауырсақтың 10 түрін пісіре алады

77 жастағы семейлік Кәмшат Әбділденова бауырсақтың 10 түрін пісіре алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кәмшат Әбділденова Абай облысының Бесқарағай ауданында дүниеге келген. Ол Семейдегі тері зауытында 35 жыл жұмыс істеп, тон тіккен. Жергілікті халық "Бауырсақ апа" деп ат қойған қария 18 жасынан бері бауырсақ пісіреді.

"Маған бала кезімде анам жұмыртқа қосылған бауырсақ пісіруді үйретті. Бұл бауырсақтың ерекшелігі сол - бұзылмайды, ұзақ сақталады. Мен ашытқы қосылған бауырсақты пісіремін. Әйтпесе, бауырсақтың ақ бауырсақ, ши бауырсақ, май бауырсақ, шай бауырсақ, тұш бауырсақ, бармақ бауырсақ, жалпақ бауырсақ, жол бауырсақ секілді түрлері көп", - дейді ол.

Бауырсақтың 10-ға жуық жасалу әдісін білетін Кәмшат Әбділденова Наурыз секілді мейрам кезінде шелпек те пісіреді.

 


"Қазір бауырсақ пісіруге немерелерім де көмектеседі. Ұлттық құндылықтарымызға қызығушылығы жақсы. Соған қуанамын", - дейді әжей.

Бүгінде ол - төрт баласынан сегіз немере, жеті шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Семейдегі "Айша Бибі" қазақ мәдени орталығының мүшесі. "Қартайдым" деп қол қусырып қарап отырған жоқ, қолөнермен де айналысады, әжелер ансамблінде ән де айтады.

Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы