"Ешкімге ренжімей, адал еңбек ету". 109 жастағы қария ұзақ жасауының сырын айтты

"Ешкімге ренжімей, адал еңбек ету". 109 жастағы қария ұзақ жасауының сырын айтты

109 жастағы Қамида Несипова Батыс Қазақстан облысы Жетікөл ауылындағы Ағаштоғай атты қырда тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әженің жастық шағы қырда өткен. Сағымдай көзден ұшқан сол кездерін аңсаған соң ортаншы қызы Салиха апай сол жерге кейуанамен бірге көшіп барған. Әженің өзі дәл осы қырда 1959 жылы отбасымен балшықтан тас соғып, төрт бөлмелі үй салып алған. Сол жылы қазанда құрылысын бітіріп кірген үйі құтты болып, 7 қарашада үшінші қызын дүниеге әкеледі. Әжей ұл-қыздары өсіп-өнген құт мекенді көп аңсаған. Ана арманын орындауға асыққан кіші ұлы 1959 жылғы ескі үйдің орнына қораларымен жаңа үй салып берген. Бүгінде ғасырдан аса өмір сүрген қария ортаншы қызымен бірге қасиетті қара шаңырақта өмір сүріп жатыр.

Қамида Балтеменқызы Гурьев облысының Махамбет ауданында 1914 жылы дүниеге 1 қаңтарда дүниеге келген. Ол 1 жасында әкесінен, 4 жасында анасына айырылған. Өзінен сегіз жас үлкен әпкесімен екеуі жетімдіктің азабын тартып, жоқшылық пен аштық көріп өскен. "Өзен жағалағанның өзегі талмайды" деген рас секілді. Өйткені қария бала кезінде балықты жиі жегенін еске алды.

Ерте жастан еңбекке араласқан қайсар қыз сол кездегі Орал облысы Орда ауданынан өз бақытын табады. Ырыс деген азаматқа тұрмысқа шығып, үш қыз, төрт ұл көреді. 1952 жылы Алғайдағы зонадан Жымпиты ауданының Жетікөл ауылына көшіріледі.

"Жасы 109-ға келсе де әлі күнге тоқыма тоқиды. Өткен күннен әдемі естеліктер айтады. Өрімдей жас кезінен шойын жол салуға қатысқан. Ол кезде техника жоқ. Топырақты қолмен тасып, қара жұмыс жасаған. Апа-жездесі жылқы бағып, анамыз да солармен бірге тұрған. Ол кезде "Су ішпейміз, тек қымыз ішетінбіз" дейді өзі. Ол кезде адамдар уылдырықтың қадірін білмеген бе, қызыл балықтың өзін алып, уылдырығын қалдырып кетеді екен. Анамыз уылдырық көп жеген жас күнінде. Осының бәрі денсаулығына әсер еткен болар мүмкін. Аллаға шүкір, өзі жүріп, өзі тұрады. Бізге еш салмағы жоқ. Анамыздың ортамызда отырғанының өзі бізге күш береді", - дейді әженің ортаншы қызы Салиха апай.

Қамида әжейдің үш қыз, төрт ұлынан тараған немере-жиендері, шөберелері баршылық. Соңынан өрген саналы ұрпағы әженің бар қалауын орындайды.

"Ұзақ өмір сүрудің сыры - ешкімге ренжімей, адал еңбек ету", - дейді ғасырдан аса өмір сүрген кейуана.

Айгерім Ғалым

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы