Ақтөбеде әйелі мен өгей қызын пышақтаған мектеп директорына қатысты сот үкімі шықты

Ақтөбеде әйелі мен өгей қызын пышақтаған мектеп директорына қатысты сот үкімі шықты
Фото: Көрнекі сурет

21 наурызда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта әйелі мен өгей қызын пышақтаған мектеп директорының ісі бойынша үкім шықты. Шалқар ауданы Жаңақоныс ауылындағы мектеп директорына кісі өлтіруге оқталды деген айып тағылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.

Ер адам үйінде отбасылық жанжал кезінде ол әйелі мен өгей қызын пышақтап тастаған. Алайда ер адам оларды өлтіру ойында болмағанын айтты. 

"Мен ашуланып, әйелімді қорқытқым келген кезде абайсызда пышақтап алдым, оларды өлтіргім келмеді", - деді мектептің бұрынғы директоры.

Сот айыпталушы әйелі мен өгей қызын өлтіргісі келмеген деген қорытындыға келді. Нәтижесінде сот тағылған айыпты "кісі өлтіруге оқталудан" дегеннен "қорқыту" (ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы) санатына ауыстырды.

Сот айыпталушыны 120 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына кесіп, жәбірленушілерге 2 миллион теңге моральдық шығын өндіруге міндеттеді.

Бұған дейін облыстық білім басқармасы ер адамның мектеп директоры қызметін атқарғанына жарты жыл болғанын айтқан. Ер адам мектеп директоры қызметіне дейін аудандық білім бөлімінде әдіскер қызметін атқарған. Ол 2022 жылғы сәуірде мектеп директоры болып тағайындалды. Оқиғадан кейін бірден ер адам бұл қызметтен шеттетілді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек