"5 миллион теңге ұтып алдым". Ит төбелестіруді кәсіпке айналдырған азаматпен сұхбат

"5 миллион теңге ұтып алдым". Ит төбелестіруді кәсіпке айналдырған азаматпен сұхбат

Алматы облысында тұратын Заманбек Дәріпхан ит төбелестіруді кәсіпке айналдырған. Бес жыл ішінде таза қанды отызға жуық төбет тұқымын шығарған итбегі азаматпен Massaget.kz тілшісі арнайы сұхбаттасқан еді.

Заманбек Дәріпханұлының төбет  асыруға деген қызығушылығы бала кезден оянған.

"Біздің қазақы төбеттің бірнеше қасиеті бар. Адамға жүгірмейді, жеген асын қызғанбайды, малдың айналасында жүреді. Қанша қарны ашса да малға шабуыл жасамайды. Бұл текті ит. Қазір он төбет асырап отырмын. Күн сайын екі сағат серуендетіп тұрамын. Ит нағыз сырттан болу үшін күшік кезінен бапталады. Төбеттің мықтылығын сынау үшін төбелестіріп тұру керек. Олардың төбелеске бейімі әрқалай болады" дейді итбегі. 

Қазақы төбеттің тұрпаты сұсты болғанымен, адамға тиіспейді екен. Әдейі ызыландырмаса кісі баласын қауып алу табиғатында жоқ мінез. Таза қанды төбеттің тұрпаты ерекше. Жонының биіктігі 70-80 cм, салмағы 70 келіден асады екен. Мұндай алып төбеттің жанына жақындауға адамның дәті шыдай бермейді.

"Мойнақ" деген итім бар. Осы уақытқа дейін ешкімнен жеңіліп көрмеген. Үш жыл бұрын өзбекстандық әнші Атқанбек Юлдашев хабарласып, ит төбелестірейік деп ұсыныс айтты. Ол кезде Мойнақтың жасы үштен асқан. Нағыз бабында болатын. Содан біраз ойландым. Бәске 5 млн.теңге тігілді. Кәдімгідей қобалжыдым.  Алдымен итіммен сырластым. Сол кезде көзінде сенімділік барын сездім. Тәуекелге бел буып, төбелеске келістім. Маған ақша емес, абырой қымбат болды. Содан оның "Сыртлон" деген төбетімен менің "Мойнағым" жарты сағат айқасып, ақыры жеңіп кетті. Ол да ешқашан жеңіліс көрмеген ит екен. Ақыры жеңілісті менің "Мойнағымнан" тапты" дейді Заманбек.

Итбегінің айтуынша қазіргі кезде қазақы төбетті сақтаушылар саны артып келеді. Дегенмен ит тұқымын бизнеске айналдырып,  қанын будандастырып кеткендер де кездеседі. Ал, ит төбелестірушілерге  әркімнің ойы әрқалай әрине. Бірі қолдайды, бірі  қатыгездік деп санайды. Сонда да итбегілер үшін төбеттері мен алабайларын шағыстырып, төбелестіріп тұру аса маңызды екен. Өйткені сол арқылы ғана итінің мықтылығын біле алады. Бұл табиғи заңдылық деп санайды Заманбек Дәріпханұлы

"Қазір Алматы мен Семей аймақтарында, Шымкентте ит төбелестіру дамыған. Арнайы рингтер де бар. Ол жерде өз тәртібі, ережесі болады.  Иттерді қан жоса болғанша  соғыстырмаймыз. Қатты жарақат алмайды.Төбелесіп жатқан төбет дауыс беріп, шыңғырып қойса немесе қашса ол жеңілді деген сөз. Сол кезде төрешілер бірден ажыратып алады. Жеңіске жеткен иттің атағы тез тарайды. Бағасы да аспандап кетеді. Мысалы, бір тазақанды төбетің құны  5 мың долларға баруы мүмкін. Күшіктеріне де сұраныс көп. Олар 100-200 мың теңге аралығында сатылады. Бірақ бұл енді келісімді баға. Жақында маған мал шаруашылығымен айналысатын жігіттер хабарласып, үш айлық "Қарахан" атты күшігімді айғырға айырбастауды сұрады. Бірақ мен келіспедім. Бұл күшігімнің табаны шоқпардай. Өскенде арлан алатын алып болады деген үмітім бар. Сондықтан айырбастағым келмеді" дейді итбегі.

Заманбек Дәріпханның алдағы мақсаты қазақы, таза қанды төбет санын көбейту. Бұл күні ит асырауды ұлдары мен ауылдағы інілеріне үйретіп жүр.

                                                                        Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы