"Жүрегіме қанжар сұққандай болды". Төрт баласы бар ер адам 16 жастағы қызды зорлап, үйленем деп алдап кеткен

"Жүрегіме қанжар сұққандай болды". Төрт баласы бар ер адам 16 жастағы қызды зорлап, үйленем деп алдап кеткен

"Көреміз" бағдарламасының редакциясына 18-ге күні кеше толған бойжеткен көмек сұрап хабарласқан. Жанар Маратқызының айтуынша, 16 жасында өзінен 9 жас үлкен жігіт арын таптап, жүкті еткен. Қылмыстық іс қозғалмас үшін Бағлан Қазбеков кәмелетке толмаған қызға үйленуге уәде беріп, анасымен таныстырған. Алайда қаршадай қыздың сеніміне кірген жігіт ақыр соңында баласын мойындамай, ізім-қайым жоғалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жанар Маратқызының сөзінше, өзін зорлап, жүкті етіп кеткен жігітпен бастапқыда қыз-жігіт ретінде кездесіп жүрген. Артынша жігіті төсек қатынасы туралы сөздер қозғай бастаған. Алайда Жанар некесіз болмайтынын жеткізген. 

"Пасық әрекетін іске асырды. Біраз уақыт жылап отырдым. "Жанар, жылама, кешірші мені, екеуіміз бәрібір үйленетін адамбыз, сені анаммен таныстырамын. Уайымдама бәрі жақсы болады" деді", - деп еске алды Жанар. 

Жанар

Алайда үйленемін деп уәде еткен жігіті сөзінде тұрмаған. Тіпті оның әйелі мен төрт баласы бар болып шыққан. 

"Не істерімді білмей қалдым. Алданып қалдым ба деп ойладым. Жүрегіме қанжар сұққандай болды", - дейді Жанар. 

Артынша Жанар сүйіктісінен жүкті болып қалғанын білген. Бірақ сүйіктісі баладан бас тартқан. "Бала менен емес" деп жоғалып кеткен. Жанар сүйіктісі Бағланмен WhatsApp арқылы танысқан. Жанардың нөмірін Бағланның жеңгесі берген екен. Алайда жеңгесі Айсұлу ол таныстырмаған, Жанар мен Бағлан өзі танысқанын айтқан. Көршілерінің айтуынша, Айсұлу басқа қызды да үйленген інісімен таныстырмақ болған екен. 

"Айсұлумен подруга ретінде жақсы араласатынбыз. Қожа деген қайын ағасы болатын. Үйінде жүрген кезімде таныстырды. Ол қайнағасы артымнан жүгірді. Әйелі жоқ деді. Бірақ 30-ға келген, әйелі неге жоқ деп ойландым. "Жоқ, әйелі жоқ" деп сендірді. Бірақ 3-4 бала-шағасы бар, әйелі бар адам екен", - дейді Жанардың Сәбира атты көршісі. 

Жанардың сөзінше, Бағлан оны алғаш зорлағаннан кейін де бірнеше рет зорлаған. Зардап шеккен қыз сол кезде полицияға жүгінбегенін, себебі жігіті үйленем деп уәде бергенін, ал Жанар сүйіктісін жақсы көргенін айтады. Ал заңгердің сөзінше, бұл іс сотқа жеткенімен сотта "зорлану" дерегі емес, "алдану" дерегі қаралатынын айтады. Ал ол жағдайда заңда жауапкершілік жоқ.  

Бағлан

Жанар бұл оқиғадан кейін өзіне қол салмақ та болған екен. 

"Қызым тұйық, ешкімге сырын айта бермейді. Бәрін өзім шешемін деп ойлайды. Кінәлілер заң алдында жауап берсе екен. Қызымның өмірін ойрандатты ғой. Болашағына балта шапты", - дейді Жанардың анасы Баян Тәутенбаева.

Артынша Жанар полицияға арызданған. Жанармен байланысты аудандық офицер болған. 

"Маған офицер біраз уақыттан кейін "Бағланның нөмірін өшіріп таста, қара тізімге қоса сал. Алиментке арыз жазбай-ақ қой. Оның 5-10 теңгесін не істейсің?" деп айтты", - дейді Жанар. 

Кейіннен бағланның әйелі хабарласып, Жанарға тоқал болуын ұсынған. Сіңлімдей қараймын деп сендірген. Алайда Жанар тоқал ретінде тұрмысқа шықпайтынын айтқан. 

Редакция тілшілері Бағланды тауып алған. Ол Түркістан облысында отбасымен пәтер жалдап тұрады екен. 

"Әйелім барын екі айдан кейін білді. Себебі телефонымда Жансерік деген баламның фотосы тұратын еді. "Бұл кім" деп сұрады. Менің балам дедім", - дейді Бағлан. 

Ал Жанардың сөзінше, мұның бәрі өтірік. Ал Бағлан Жанар 16-да екенін білмегенін айтады.  

"Өзі келіп тиісті, өз еркімен, келісімімен болды", - дейді Бағлан. 

Жанардың сөзінше, Бағлан оның жасын білген. Себебі киноға барған кезде кездейсоқ Жанардың төлқұжатын көріп қалған. Бағдарламаның келесі санында Жанардың баласы мен Бағланға ДНҚ сараптамасы жасалған.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина