Шавкат Рахмоновтың келесі жекпе-жектеріне дайындығын спортты қолдау қоры қаржыландырады

Шавкат Рахмоновтың келесі жекпе-жектеріне дайындығын спортты қолдау қоры қаржыландырады

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновпен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгін Қазақстан спортының жарқын жұлдыздарының бірі - Шавкат Рахмоновпен жеке кездестім. Біздің жаужүрек спортшымыз бірінен соң бірі жеңіске жетіп, UFC-ді батыл қадамдарымен бағындырып, отандастарының жүрегіне мақтаныш сезімін сыйлап келеді. Мен Шавкатты жақында америкалық Джефф Нилмен болған жекпе-жекте жеңісімен тағы да құттықтадым және оған алғыс хат табыстадым. Сонымен бірге ол келесі жекпе-жектерге дайындалу үшін спортты қолдау қорынан қаржыландырылады. Шавкат бүкіл әлемге Қазақстанды паш етті және осы қадамы үшін біз оған айрықша алғысымызды жеткіземіз. Оның UFC чемпиондық белбеуін жеңіп алуына тілектеспін, толағай табыс тілеймін", - делінген хабарламада.

Еске салайық, 13 наурызда Шавкат Рахмонов Қазақстанға келді. Спортшыны UFC-дегі кезекті жарқын жеңісімен құттықтау үшін туыстары мен жанкүйерлері күтіп алды.

Қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов (17-0) 3 наурызда америкалық қарсыласы Джефф Нилмен (15-5) жекпе-жекте жеңіске жетті. Жекпе-жек Лас-Вегаста (АҚШ) UFC 285 турнирінде өтті. Қазақстандықтың қарсыласы UFC-дің үздік файтері саналатын америкалық Джефф Нил (15-4) болды. Жекпе-жек үшінші раундтың соңында Шавкаттың жеңісімен аяқталды.

Рахмонов үшін бұл - 17 кәсіби жекпе-жекте 17 жеңіс. Ол өзінің жекпе-жектерін мерзімінен бұрын аяқтады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан