- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Төбесі опырылып түсті"....
"Төбесі опырылып түсті". Ақтөбеде жалғызбасты ана жанайқайын айтты
Ақтөбенің "Нұр-Сити" шағынауданында тұратын жалғызбасты ана Нұргүл Қожанова пәтерінің төбесінен су кетіп, бір аптадан бері қиналып жүргенін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күн жылынып, қар ерігелі ақтөбеліктер әбігерге түсіп жатыр. Қаланың "Нұр-Сити" шағынауданындағы №12 үйде тұратын Нұргүл Қожанова бір аптадан бері үйінің төбесінен су кетіп жатқанын айтты. Төрт баласы бар әйелдің күйеуі қайтыс болған. Ал екі бөлмелі пәтерді кезекке тұрып алған. Ай сайын жалға алу ақысын төлеп отыр. Былтыр көктемнен бастап үйдің төбесінен су кеткен. Қатты жаңбыр жауса да төбеден су кетеді екен. Ал бұл биыл күн жылынғалы жалғызбасты ананы әбігерге түсіріпті.
"Бір аптадан бері үйдің төбесінен су ағып тұр. Қазір балаларымды сабаққа кезекпен жіберемін. Тіпті кеше бірін алып қалдым. Себебі үйді күзетіп отыр. Өзім мектепте еден жуамын. Кеше кеште төргі бөлменің төбесі гүрс етіп құлап түсті. Қорқып кеттік. Судан қабырғалардың барлығы босап, үгітіліп жатыр. Түсқағаздан түк қалған жоқ," - дейді Нұргүл.
Екі бөлмелі пәтердің ішінде жататын жер жоқ. Барлық жерге су жинайтын ыдыс қойылған. Нұргүл жанайқайына құлақ түрер ешкім жоқ екенін айтады.
"Осы үйді қарайтын "Адал қызмет" серіктестігіне хабарластым. Диспетчері "қазір барады, үйіңді қарайды" дейді. Бірақ келген ешкім жоқ. Қайта-қайта қоңырау шаламын, "әне барады, міне барады" деп шығарып салады. Ал үйді қарап, жағдайымызды көруге ешкім келмейді. Тіпті "төбені көрсетіңдерші, өзім жасап алайын" дедім. Бұған да құлақ асқан ешкім болмады. Жанайқайымызды кімге айтарымызды білмейміз", - дейді жалғызбасты ана.
Нұргүл бұл серіктестікке айына 2500 теңге төлейді. Бірақ жұмысына көңілі толмайды. Осы орайда серіктестік директоры Дәулет Нұрлановқа хабарластық. Оның айтуынша, үйдің төбесі күрделі жөндеуді қажет етеді.
"Техникалық акт жасалып, шешім шықты. Үйдің төбесіне күрделу жөндеу қажет. Осы мәселені №1 кіреберіс тұрғындарына айттық. Біздің міндетіміз - ұйымдастыру, яғни қанша қаржы керек, соны есептеп береміз. Әр кіреберіс төбесін өздері жөндеп алуы керек. Қазір тек уақытша целлофан төседік. Қарды аршыдық", - деді серіктестік директоры.
Дәулет Нұрланов тұрғындардан жиналған ақшаның барлығы мақсатқа сай жұмсалатынын, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына қатысты заң бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова